
Елдегі еңбек нарығы қарқынды өсіп, жұмыспен қамтылғандар саны жаңа межеге жетті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жариялаған соңғы деректер ел экономикасының әлеуеті мен халықты жұмыспен қамту бағытындағы оң динамиканы айқын көрсетіп отыр. Азаматтардың еңбек белсенділігінің артуы мен мемлекеттік қолдау бағдарламаларының жүйелі түрде іске асуы еңбек нарығының тұрақты дамуына өзіндік серпін беруде.
Министрліктің мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта Қазақстандағы жалпы жұмыс күшінің саны 9 миллион 838,1 мың адамды құрап отыр. Олардың ішінде тікелей жұмыспен қамтылғандардың үлесі 9 миллион 392 мың адамға жетсе, жалдамалы жұмыскерлердің саны 7 миллион 290,4 мың адамнан асты. Айта кетерлігі, соңғы бір жылдың ішінде еліміздегі жұмыс күшінің қатары 103 мыңнан астам адамға көбейген. Бұл көрсеткіштер демографиялық өсіммен қатар, еңбекке қабілетті азаматтардың экономикалық процестерге белсене араласа бастағанын білдіреді.
Жұмысқа орналастыру бағытында да нәтижелі көрсеткіштер тіркелді. Есепті кезеңде жалпы 388 512 азамат екі қолға бір күрек тапса, олардың басым бөлігі, яғни 298 904 адам тұрақты жұмыс орындарына орналасқан. Мұндай нәтижеге қол жеткізуге Электрондық еңбек биржасы сияқты цифрлық платформалардың, кәсіби оқыту қайта даярлау курстарының және мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарының ықпалы зор болды. Жұмыспен қамтудың заманауи тетіктері халық пен жұмыс беруші арасындағы алшақтықты азайтып, еңбек нарығының ашықтығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.



