Қала күніне арналған мерекелік апталық 150 мың адамды қамтыды

Биыл Семейде Қала күні «Семейді сүю – тарихқа бас ию!» тақырыбымен аталып өтті. Жеті күнге созылған мерекелік апталық аясында мәдени, спорттық және танымдық бағыттағы 20-дан астам ауқымды іс-шара ұйымдастырылып, 150 мың адам қамтылды.
Мереке аясында ұлттық спортты ұлықтаған бәйге ұйымдастырылды. Сонымен қатар аударыспақ, қол күрес, гір көтеру және арқан тартыстан жарыстар өтіп, қатысушылар күш-қайраты мен ептілігін сынға салды.
Сондай-ақ күш пен жігерді сынаған «Семей батыры» турнирі, салауатты өмір салтын дәріптеген «TUNGI RUN – SEMEY» түнгі жүгіру шарасы өтті. Балалардың өнер байқауы, қолөнер жәрмеңкесі мен спорттық сайыстар тұрғындар мен қала қонақтарының басын қосып, мерекелік көңіл күй сыйлады.
🎙Мерекелік апталық Қарағайлы шағынауданындағы Республика алаңында өткен ауқымды Open Air гала-концертімен қорытындыланды. Сахнада Тұрар Ыдырыс, Айдана Меденова, AYREE, Ернар Амандық, сондай-ақ Қырғызстаннан AMIRCHIK, Германиядан NANA DARKMAN және Молдовадан ARSENIUM FROM O-ZONE өнер көрсетті. Кешті Жазира Еркін мен DAKE жүргізді.
Тұрғындарға қолайлы болуы үшін гала-концерттің тікелей көрсетілімі Арбат аумағында және Мұхтар Әуезов алаңында ұйымдастырылды. Мерекелік кеш жарқын отшашумен аяқталды.



