Шекеліктен басталған шағын кәсіп

Қоғамда өз кәсібін бастап, жаңа идеяларды жүзеге асырып жүрген белсенді жастардың қатары артып келеді. Солардың бірі – Семей қаласының тумасы, студент Алинұр Нұртасқызы Төлеуғазина. Жас кәсіпкер ұлттық нақыштағы этно әшекейлер жасап, сүйікті хоббиін шағын кәсіпке айналдырып отыр.

20 жастағы студент аударма ісі мамандығында білім алады. Мектеп кезінен тіл үйренуге қызыққан Алинұр бүгінде үш тілде еркін сөйлейді және тағы бір тілді меңгеріп жүр. Университет қабырғасында түрлі деңгейдегі дебат турнирлерінің жеңімпазы атанған.

Алинұрдың айтуынша, оның этно әшекей жасауға деген қызығушылығы екі жыл бұрын басталған.
Этно әшекейлерді 2024 жылдың сәуір айында жасай бастадым. Қала бойынша өзіме ұнайтын шекелік таба алмадым. Содан қажетті құралдарды алып, өзім жасап көрейін деп шештім. Жасағанымды әлеуметтік желіге жүктеген соң бірден тапсырыстар түсе бастады, – дейді ол.
Алғашында әшекейлерді таныс құрбылары сұратса, кейін Семейдің түрлі аудандарынан тапсырыс көбейген. Қазір оның жасаған ұлттық нақыштағы бұйымдарын қаладағы арулардың сән үлгісінен көруге болады.

Жас шебердің айтуынша, алғашқы ерекше тапсырыстардың бірі оның өзіне деген сенімін арттырған.
Бір құрбым «қанша тұрса да төлеймін, дәл осындай шекелік керек, бірақ таба алмай жүрмін» деп өтінді. Сол тапсырысты орындағаннан кейін өзімді біреудің арманын жүзеге асырғандай сезіндім. Сол сәт менің өміріме үлкен өзгеріс әкелді, – дейді жас шебер.
Қазіргі таңда студент этно әшекейлерді әлеуметтік желі арқылы сатумен айналысады. Болашақта кәсібін кеңейтіп, жеке дүкен ашуды жоспарлап отыр.
Кез келген кәсіптің табысты болуы үшін идея, нақты жоспар, қаржы және жауапкершілік қажет. Нарықты зерттеп, тәуекелдерді есептеу маңызды. Сонымен қатар қазіргі заманда маркетинг пен жарнаманы да дұрыс жүргізу керек, – дейді Алинұр.
Жас кәсіпкер қателіктен қорықпау керектігін айтады. Оның пікірінше, тәжірибе мен жетістік көбіне сол қателіктер арқылы келеді.
Қандай бастама болса да, үлкен бе, кішкентай ма оны іске асырудан қорықпау керек. Қателіктер адамды шыңдайды. Ең бастысы әрекет ету, – дейді ол.
Семейлік студенттің шағын хоббиі бүгінде ұлттық нақыштағы сәнді әшекейлерді насихаттайтын шағын брендке айналып келеді.



