Абай жастары

ҰБТ емес, адам болу маңызды

2-курс студенті Нұрдәулет – болашақ математика пәнінің мұғалімі. Ол Аягөз өңірінің тумасы. 2024 жылы Семей қаласындағы Жас Абай мектебінің алғашқы түлектерінің бірі атанды.


Мектеп қабырғасынан бастап белсенділігімен көзге түскен ол бүгінде спортты серік етіп келеді. Баскетбол, футбол, волейбол секілді ойын түрлерімен шұғылданады. Тіпті республикалық деңгейдегі жарыстарда да бақ сынап үлгерген.


Сонымен қатар Нұрдәулет – «Мұғалім Семей» жобасының шәкіртақы иегері. 2025 жылы республикалық «Мұғалім жұлдыздары» жайдарман ойындарында чемпион атанды.

Жас ұстаздың айтуынша, педагогикалық жолды таңдауға Жас Абай мектебіндегі тәлімгерлерінің ықпалы зор болған. Олар студент бола тұра, уақытын оқушыларға арнап, тәрбие жұмысына ерекше жауапкершілікпен қараған.


Қазір Нұрдәулет тәрбиешілік бағытты таңдаған. Ол 11 ауылдан келген жасөспірімдерге бағыт-бағдар беріп жүр. Балалардың дамуы үшін бар күшін салып, олардың бойындағы қабілеттерді ашып, тұлға болып қалыптасуына ықпал етуді мақсат етеді.


Оқушылармен уақытты тиімді өткізуді жөн көреді. Әсіресе кітап оқып, оны бірге талқылауды жақсы көреді. Қыркүйек айынан бері олармен бірге 111 кітап оқып үлгерген.

Ұстаз деген педагогика мамандығын бітіріп, қолына диплом алған адам ғана емес. Менімше бала үшін, баланың қызығушылығын үйренетін, оны сөзбен емес, іспен көрсетіп тәрбиелейтін, кемел тұлға, – дейді ол.

Оның пікірінше, қазіргі жас буын өте алғыр.

Қазіргі 10-сыныпта оқып жүрген жастар айтылған сөзге сене бермейді. Олар дәлелге, ғылымға негізделген ақпаратқа сенеді. Бұл керемет қасиет, – дейді студент.

Бос уақытында Нұрдәулет өлең жазады. Шығармашылығына махаббат емес, қоғамдағы құндылықтардың өзгеруі мен қатарластарының шүкіршілікті ұмыта бастауы әсер ететінін айтады.

Мақала соңында жас ұстаз жастарға өз кеңесін де жеткізді:

Барға қанағат етіп, өзгемен емес, кешегі өзіңмен жарысқан дұрыс. Аз да болса тұрақты ісіңіз көп болса, құрметті оқырман, сіз кемелдену жолындасыз. Білімнің көрсеткіші — ҰБТ нәтижесі, сессиядағы 95+ ұпай немесе аралық бақылаулардың «жасыл» болуы ғана емес. Білімнің шынайы өлшемі – көркем мінез, – дейді Нұрдәулет.

Оның пікірінше, адам білімді болған сайын кішіпейіл болуы керек.

Жемісі жоқ алма ағашы бұтақтарымен тік тұрады, ал жемісі көп алма ағашы иіліп тұрады, – дейді ол.

Осы арқылы жас ұстаз білім мен мінездің қатар жүруі қажеттігін, ал нағыз жетістік қарапайымдылықпен өлшенетінін атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button