Семейде жаңа жылдық бас шыршаның шамы жағылды

Бүгін Семей қаласының орталық алаңында жаңа жылдық бас шыршаның шамын жағу рәсімі өтті. Мерекелік шараға Берік Уәли қатысып, қала тұрғындарын алдағы Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Салтанатты кешке халықаралық және республикалық олимпиадалардың, спорттық жарыстар мен робототехника байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы шақырылды. Бұл — жастардың жетістігін дәріптеуге бағытталған символдық қадам болды.
Өз сөзінде аймақ басшысы Жаңа жылдың қоғам үшін маңызын атап өтті. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл мерекенің отбасылық құндылықтарды нығайтатын ерекше кезең екені жөніндегі пікіріне тоқталды. Сондай-ақ 2025 жыл өңір үшін нәтижелі болғанын, алдағы жылы да аймақтың дамуын жалғастыруға бағытталған нақты жоспарлар бар екенін айтты.
Жаңа жыл қарсаңында қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында орталық алаңдағы Арбат бойы жұлдызды аспан бейнесіндегі жарық шамдармен безендірілді. Қаланың әр ауданында 40-тан астам шағын сәулеттік пішіндер орнатылып, мемлекеттік және жеке кәсіпкерлік нысандар түрлі түсті шамдармен әшекейленді.
Биыл облыста әлеуметтік маңызы бар нысандар салынып, жолдар жөнделді, елді мекендердің инфрақұрылымы жақсарды. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілді.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Кеш барысында эстрада жұлдыздары Әйгерім Қалаубаева, Әділет Жауғашар және жергілікті өнерпаздар өнер көрсетіп, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.



