Аягөздегі Майлин округі «Қаладан ауылға» жобасына қосылды

Майлин ауылдық округі Аягөз ауданында орналасқан және аудан орталығы – Аягөз қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 14 шақырым жерде, Қарасу мен Балтатерек өзендерінің Аягөз өзеніне құяр тұсында қоныстанған. Табиғи-географиялық орналасуы ауыл шаруашылығын жүргізуге қолайлы жағдай қалыптастырады.
Елді мекеннің даму тарихы 1963–1996 жылдары қызмет еткен Б.Майлин атындағы қой шаруашылығына маманданған кеңшармен байланысты. Кеңшар таратылғаннан кейін оның негізінде Майлин ауылында және округ құрамындағы Қарабұлақ, Ескі Майлин, Томар елді мекендерінде Майлин атындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен 30-дан астам шаруа қожалығы құрылды. Осылайша, ауылдың аграрлық бағыты сақталып, жаңа экономикалық модельге бейімделді.

Қазіргі кезеңде округ «Қаладан ауылға» пилоттық жобасы аясында дамудың жаңа сатысына өтті. Жоба шеңберінде көші-қон үдерісін жандандыру және тұрғындарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыда орнықтыру бағытында нақты шаралар жүзеге асырылуда.
Бүгінде ауылда 10 жаңа тұрғын үй дайын. Аталған баспаналар «Отбасы банк» қарамағында, оларды беру тәртібі 10 наурызда нақтыланады. Қазіргі дерек бойынша, кемінде 10 отбасын қабылдауға мүмкіндік бар, ал жобаға қатысуға 5–6 азамат өтінім берген.

Ауыл әкімдігінің мәліметіне сәйкес, қоныс аударушыларды жұмыспен қамту толық қамтамасыз етіледі. Бұған дейін көшіп келген отбасылар тұрақты жұмысқа орналасып, әлеуметтік бейімделуден өткен. Қазіргі уақытта білім беру мен денсаулық сақтау салаларында кадр тапшылығы байқалады, атап айтқанда мұғалімдер мен дәрігерлік амбулаторияға акушер қажет екен. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы бағытында мал бағатын жұмысшылар мен механизаторларға сұраныс жоғары. Жаз мезгілінде шаруа қожалықтарында техника жүргізетін мамандарға қажеттілік саны артады.
Көшіп келушілерге жеке шаруашылық жүргізу үшін жер телімдері ұсынылады. Аягөз өзенінің маңындағы суармалы алқаптар егіншілікпен айналысуға қолайлы. Бұрын бұл аумақта картоп пен жүгері өсірілген, қазіргі жағдайда осы бағыттарды қайта дамытуға мүмкіндік бар.

Демографиялық көрсеткіштер бойынша, Майлин ауылында 354 адам тұрады, ал округ бойынша халық саны 598-ге жетеді. Әкімшілік құрамына Ескі Майлин және Еңірекей елді мекендері кіреді. Әлеуметтік инфрақұрылым нысандары тұрақты жұмыс істейді: ауылда 84 оқушы білім алатын мектеп, 20 балаға арналған балабақша, мәдениет үйі және дәрігерлік амбулатория бар. Барлық тұрғын үйлер орталықтандырылған ауызсумен және интернет желісімен қамтылған.
Осылайша, Майлин ауылдық округі тарихи қалыптасқан аграрлық әлеуетін сақтай отырып, қазіргі мемлекеттік бастамалар арқылы тұрақты дамуға бағыт алған, өмір сүруге және еңбек етуге қолайлы ауыл ретінде сипатталады.



