Таза Қазақстан

Тоқаев: «Таза Қазақстан» – тек экология емес, ұлттың санасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тазару күніне» орай Қазақстан халқына үндеу жасады.

Президенттің айтуынша, еліміздің барлық өңірінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының жаңа кезеңін бастайтын ауқымды экологиялық акция іске қосылды. Оның аясында «Мөлдір бұлақ» бастамасы жүзеге асырылып, бұлақ көздерін ашу, ағаш отырғызу, жағалаулар мен қоғамдық аумақтарды тазалау жұмыстары жалғасады.

Мемлекет басшысы бұл күннің Наурызнама онкүндігіндегі маңызына тоқталып, табиғаттың жаңаруы қоғамның жаңғыруымен сабақтас екенін атап өтті.

Сондай-ақ Президент Жаңа Халық Конституциясында табиғатқа жанашырлықпен қарау ұлттық құндылықтардың бірі ретінде айқындалғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл құжат ел бірлігінің негізі әрі рухани-идеологиялық бағдар болып табылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» ұғымы тек қоршаған ортаны тазалаумен шектелмей, азаматтардың ниеті мен санасының тазалығын да білдіретінін атап өтті.

Президент барлық қазақстандықтарды тазалық пен тәртіп мәдениетін қалыптастыруға белсенді қатысуға шақырды.

Мемлекет басшысы үндеу соңында ел азаматтарына амандық пен бақ-береке тілеп, бірлескен күш-жігер арқылы Әділетті, Таза және Өркендеген Қазақстанды құруға болатынын айтты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button