Пойыз билеті қымбаттай ма?

Қазақстан темір жолының қарызы 4,7 триллион теңгеден асты. Осыған байланысты 2026 жылы теміржол тарифтері қайта қаралуы мүмкін. Көлік министрлігі мұны инфрақұрылымға салынған инвестицияларды қайтару қажеттілігімен түсіндірді.
Министрліктің мәліметінше, компанияның сыртқы қарызы – 1,8 трлн теңге, ал ішкі қарызы – 2,9 трлн теңге. Қарыздың басым бөлігі жаңа теміржол желілерін салу, инфрақұрылымды жаңғырту және вагондар паркін жаңартуға бағытталған.
Ведомство бұл жобалар елдің транзиттік әлеуетін арттырғанын атап өтті. Қазір Қазақстанның бірнеше өңірінде ірі теміржол жобалары жүзеге асып жатыр. Соның ішінде Абай облысында да теміржол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жалғасуда. Семейде жаңа вокзал салынып, көлік желілерін дамытуға басымдық беріліп отыр.
Министрлік 2026 жылы магистральдық теміржол желісі қызметтеріне тариф өзгеруі мүмкін екенін мәлімдеді. Себебі мемлекет теміржолдардың өткізу қабілетін кеңейтіп, салынған инвестицияны қайтаруды көздеп отыр.
Бұл өзгерістер жүк тасымалы мен логистика бағасына әсер етуі ықтимал. Сарапшылар мұның пойыз билеттерінің қымбаттауына да ықпал етуі мүмкін екенін айтады.
Дегенмен министрлік ҚТЖ-ны қаржылық қайта құрылымдау әзірге жоспарланбағанын хабарлады. Компания кредиторлар алдындағы міндеттемелерін уақытылы орындап келеді.
Айта кетейік, Қазақстан темір жолын IPO-ға шығару 2026 жылға жоспарланған. Қазір компания дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.



