Стихиялық сауда – денсаулыққа қауіп

Семей қаласында азық-түлік өнімдерін белгіленбеген орындарда сату фактілері әлі де тіркелуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Семей қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Шыңғыс Чокушев мәлімдеді.
Мамандардың айтуынша, жаз мезгілінде көше бойында сатылатын көкөніс, жеміс-жидек, сүт өнімдері мен үй жағдайында дайындалған тағамдарға сұраныс артады. Алайда мұндай өнімдердің қауіпсіздігіне кепілдік берілмейді.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы стихиялық сауданың алдын алу бағытында тұрақты жұмыстар жүргізіп келеді. Жыл басынан бері базарлар мен сауда орындарында кәсіпкерлерге арналған 21 түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылды. Сонымен қатар қала әкімдігі, полиция және төтенше жағдайлар қызметімен бірлесіп, заңсыз сауда орындарын анықтау мақсатында 11 рейд өткізілген.
Рейдтік іс-шаралар Ауезов даңғылы маңындағы базарлар аумағында, сондай-ақ Чехов, Спартак, Глинки және Уәлиханов көшелерінде жүргізілді.
Мамандардың мәліметінше, көшеде сатылатын өнімдердің басым бөлігі санитариялық талаптарға сай сақталмайды. Әсіресе сүт, сүзбе, қаймақ, крем қосылған кондитерлік өнімдер мен үй жағдайында дайындалған тағамдарды сатып алу денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін.

Семей қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Асия Жарылғапованың айтуынша, мұндай өнімдер көбіне тиісті сақтау режимінсіз өткізіледі. Сондай-ақ сатушылардың медициналық тексеруден өткені туралы құжаттары болмайды және өнім сапасына ешкім жауап бермейді.
Мамандар тұрғындарды азық-түлік өнімдерін тек арнайы рұқсат етілген сауда орындарынан сатып алуға шақырады. Ал тағамнан улану белгілері байқалған жағдайда өздігінен ем қабылдамай, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. Бұл дер кезінде шара қабылдап, өзге тұрғындардың да улануының алдын алуға мүмкіндік береді.



