Басты жаңалық

Абай облысында инвестициялық жобалар көбейді

Абай облысында инвестициялық белсенділік артып келеді. Бұл туралы облыс әкімі Берік Уәли Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында мәлімдеді.

Өңір басшысының айтуынша, өткен жылы облыстың өңірлік жалпы өнімі 3,9 триллион теңгені құрады. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында экономиканың негізгі салаларында тұрақты өсім сақталып отыр.

Соңғы бір жылда облыстың инвестициялық пулына енгізілген жобалар саны 29-дан 112-ге дейін ұлғайған. Ал тартылатын инвестиция көлемі 2,2 триллион теңгеден 4,4 триллион теңгеге дейін артқан.

Қазіргі уақытта өңірде бірқатар ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында «Аягөз – Бақты» теміржол желісінің құрылысы, Семей қаласындағы жаңа жылу электр орталығы және тау-кен байыту комбинаты бар.

Сондай-ақ Семейде арнайы экономикалық аймақ құру жоспарланып отыр. Онда жалпы құны 400 миллиард теңгені құрайтын өндірістік жобалар іске асырылып, 2500 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Президент қабылдауында Алакөл туристік аймағын дамыту, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру мәселелері де қаралды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button