Жаңғырған аурухана — сапалы қызмет кепілі

Курчатов қалалық ауруханасында басталған күрделі жөндеу жұмыстары медициналық мекемені заманауи талаптарға сай жаңартуға бағытталған. Қазіргі таңда соматикалық бөлімде құрылыс және ішкі әрлеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Облыс әкімі Берік Уәли жұмыс сапары барысында нысанға барып, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Аймақ басшысы медициналық мекемелердегі жағдай тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті.

1980 жылы пайдалануға берілген төрт қабатты ғимаратта жөндеу жұмыстары биыл 15 мамырда басталған. Жобаны 15 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Жаңартылып жатқан бөлімде терапиялық, педиатриялық, инфекциялық және паллиативтік көмек көрсету бөлімшелері, сондай-ақ күндізгі стационар орналастырылады. Аурухана тәулік бойғы 35 төсек-орынға және күндізгі стационарға арналған 31 орынға есептелген.

Күрделі жөндеу аясында өрт дабылы, бейнебақылау және оттегі жүйелері жаңартылып, электр желілері мен жарықтандыру жүйелері ретке келтіріледі. Сонымен қатар ғимарат ішінде әрлеу жұмыстары жүргізіліп, еден мен төбе жабындары толық ауыстырылады.
Биыл аурухананы заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамту да жоспарланған. Атап айтқанда, мекемеге ЛОР-комбайн, 4К видеоэндостойкасы, маммографиялық рентген аппараты және цифрлық рентгенографиялық жүйе сатып алынады.
— Медициналық мекемелердегі жағдай тұрғындардың денсаулығына тікелей әсер етеді. Сондықтан барлық жұмыс сапалы әрі уақытылы орындалуы қажет, — деді облыс әкімі Берік Уәли.



