Баспана мен жол – басты сұрақ

Бүгін Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласының тұрғындарын жеке қабылдады. Кездесуге қала әкімі Әділет Қожанбаев, басқарма басшылары, «Отбасы банк» АҚ Абай облысы филиалы мен «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілдері қатысты.
Қабылдау барысында тұрғындар баспана мәселесін көтерді. Көпбалалы аналар тұрғын үй кезегін жылжыту, бөлінетін пәтер санын арттыру жөнінде ұсыныс айтты. Сондай-ақ қоғамдық көлік пен жол сапасына қатысты сұрақтар қойылды.
Ашық форматтағы кездесу үш сағатқа созылып, аймақ басшысы 50-ге жуық тұрғынның сауалына жауап берді. Әкім көпбалалы отбасыларға заң аясында мемлекеттік қолдау жалғасатынын атап өтті.
Берік Уәли «Отбасы банк» жүйесіне қатысты шағымдар бар екенін айтып, бұл мәселені банк және жауапты мекемелермен бірлесе шешу жолдары қарастырылып жатқанын жеткізді. Әр өтініш жеке талданатынын айтты.
Кездесу барысында банк пен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация өкілдері тұрғындарға баспана беру тәртібін түсіндіріп, мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктер туралы ақпарат берді.
Сонымен қатар облыс әкімі ауылға көшкісі келетін азаматтарға арналған кешенді бағдарлама әзірленіп жатқанын хабарлады. Оның аясында «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2,5 пайыздық несие беріледі.



