Басты жаңалық

«Тез ақша табамын деп ойладым, бірақ бес жыл өмірімнен айырылдым»: бұрынғы есірткі таратушы жастарға үндеу жасады

Абай облысының тұрғыны есірткі құралдарын заңсыз таратқаны үшін сотталғаннан кейін, өз қателігі туралы айтып, жастарға маңызды үндеу жасады. Ол жеңіл жолмен ақша табуға деген ұмтылыс өмірін түбегейлі өзгерткенін айтып, заңсыз әрекеттердің арты ауыр зардаптарға әкелетінін ескертті.
30 жастағы азамат есірткі құралдарын заңсыз таратқаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған.
Сот үкімі бойынша тағайындалған жазасын өтеу кезінде оның тәртібі мен мінез-құлқы оң бағаланған. Нәтижесінде жазасының бес жылын өтегеннен кейін, заң талаптарына сәйкес шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған.
Қазіргі уақытта ол Семей қаласындағы кәсіпорындардың бірінде еңбек етіп жүр. Сонымен қатар ішкі істер органдарының профилактикалық бақылауында болып, белгіленген тәртіпке сәйкес тұрақты түрде тіркеуден өтеді.
Оның айтуынша, бірнеше жыл бұрын ол қаржылық қиындықтарды шешудің оңай жолын іздеп, интернет арқылы ұсынылған заңсыз әрекетке барған. Ол кезде есірткі заттарын жасырып кетумен айналысатын тұлға болу үлкен қауіп екенін толық түсінбеген.
Басында мұндай әрекет оған тез табыс табудың қарапайым жолы сияқты көрінген. Алайда уақыт өте келе бұл шешімнің өз өміріне ғана емес, отбасы мен жақындарына да ауыр әсер еткенін түсінген.
«Маған бәрі тез аяқталып, ешкім ұстамайтындай көрінді. Бірақ бұл өмірімдегі ең үлкен қателік болды. Бес жыл бостандығымнан айырылдым, жақындарымның сенімін жоғалттым. Ата-анам маған көмектесу үшін мүлкінің көп бөлігін сатуға мәжбүр болды. Сол кезде мен өз әрекетімнің салдарын толық түсінбедім. Қазір түсінгенім — оңай ақша болмайды, оның артында міндетті түрде ауыр зардап тұрады», – дейді ол.
Бұрынғы сотталған азаматтың айтуынша, қылмыстық жолмен келген пайда адамның болашағына ешқашан оң әсер етпейді. Керісінше, ол адамның еркіндігінен айырылуына, жақындарының күйзелуіне және өмірлік жоспарларының өзгеруіне әкелуі мүмкін.
Қазір ол жастарға өз басынан өткен жағдайды мысал етіп, күмәнді ұсыныстардан аулақ болуға шақырады.
«Ешқашан есірткі таратушы болмаңыздар және есірткіні қолданбаңыздар. Мұндай әрекет адамның тағдырын бұзады. Егер сізге оңай ақша ұсынса, оның артында үлкен қауіп болуы мүмкін екенін ойланыңыздар. Бір сәттік пайда үшін өз болашағыңыз бен еркіндігіңізден айырылып қалуыңыз мүмкін», – деді ол.
Абай облысы Полиция департаменті азаматтарға есірткі құралдарын таратуға тартатын ұсыныстардың көп жағдайда жастарға бағытталған қауіпті тұзақ екенін ескертеді.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, соңғы жылдары есірткі қылмыстарының жаңа түрлері мен оны ұйымдастыру тәсілдері пайда болуда. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы «жеңіл жұмыс», «курьер», «жоғары жалақы» сияқты ұсыныстар жарияланып, олардың артында есірткі заттарын заңсыз тарату әрекеттері жасырынуы мүмкін.
Полиция қызметкерлері мұндай хабарламаларға сенбеуге және белгісіз тұлғалардың заңсыз ұсыныстарынан бас тартуға шақырады. Себебі есірткінің заңсыз айналымына қатысу — ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкелетін әрекет.
Азаматтарға кез келген күмәнді ұсынысты мұқият тексеру, заң талаптарын сақтау және өз болашағына жауапкершілікпен қарау қажеттігі түсіндіріледі.
Абай облысы Полиция департаменті есірткі қылмысының алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстарды жалғастырып келеді. Негізгі мақсат — жастарды қауіпті жолдан сақтандыру, олардың құқықтық сауатын арттыру және қоғамдағы есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастыру.

Басқа жаңалықтар

Back to top button