Семейдегі көлік инфрақұрылымы жаңғыртылып жатыр: Үкімет басшысының бірінші орынбасары ірі жобалардың жүзеге асу барысын бағалады

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарымен Абай облысына келіп, Семей қаласында жүзеге асырылып жатқан ірі көлік инфрақұрылымы жобаларының орындалу барысымен танысты. Сапар барысында ол облыс әкімі Берік Уәлимен бірге Ертіс өзені арқылы салынып жатқан жаңа автомобиль көпірінің құрылысын, теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстарын аралап, өңірдің көлік жүйесін дамытуға бағытталған бірқатар жобалардың іске асырылуын бағалады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің көлік инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстар барлық өңірлерде жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл ретте Абай облысында қолға алынған жобалар тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, көлік қатынасының қолжетімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ өңірдің транзиттік әлеуетін күшейтуге бағытталған.
Жұмыс сапары аясында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары ең алдымен Семей қаласындағы жаңа автомобиль көпірінің құрылыс алаңында болды. Президент тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан бұл жоба өңірдегі ең ірі инфрақұрылымдық бастамалардың бірі саналады. Жаңа көпір іске қосылғаннан кейін қаладағы көлік қозғалысының өткізу қабілеті айтарлықтай артып, жолдағы жүктеме азайып, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы қозғалыс қамтамасыз етіледі.
Қазіргі уақытта нысандағы құрылыс-монтаж жұмыстарының шамамен 70 пайызы аяқталған. Жоба бойынша қарастырылған тоғыз тіреудің сегізі толық орнатылған. Сонымен қатар аралық құрылымдарды монтаждау, инженерлік желілерді тарту, жол төсемін төсеу және қосымша инфрақұрылым нысандарын салу жұмыстары жалғасып жатыр. Құрылыс алаңында ондаған арнайы техника мен жүздеген маман еңбек етуде.
Жобаға сәйкес жаңа көпір төрт жолақты қозғалысқа арналған. Оның ені 23 метрді, жалпы ұзындығы 810 метрдіқұрайды. Заманауи инженерлік шешімдерге негізделген нысан көлік ағынын тиімді ұйымдастыруға, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға және қаланың екі бөлігін жалғайтын маңызды көлік дәлізіне айналады.
Құрылысты белгіленген мерзімде аяқтау үшін Арнаулы мемлекеттік қордан қажетті қаржы бөлінген. Бұл жұмыстарды толық көлемде орындауға және жобаны уақытылы пайдалануға беруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар қазіргі автогуж көпірінің болашағына ерекше назар аударылуда. Жаңа көпір пайдалануға берілгеннен кейін тарихи көпір жаяу жүргіншілерге арналған демалыс аймағына айналмақ. Мұнда тұрғындар мен қала қонақтарының серуендеуіне қолайлы жағдай жасалып, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі, жарықтандыру жүйесі жаңартылып, шағын сәулет нысандары мен демалыс орындары салынады.
Нысанды аралау барысында Нұрлыбек Нәлібаев бұл көпірдің тек Семей қаласы үшін ғана емес, бүкіл Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті. Ол бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін қамтамасыз етуді, құрылыс кестесінің сақталуын және көпір арқылы қозғалысты биылғы жылдың өзінде ашуды тапсырды.
«Абай облысы Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған жаңа өңір. Соңғы төрт жылға жуық уақытта мұнда көптеген ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның ең ауқымдыларының бірі – жаңа автомобиль көпірінің құрылысы. Жоспар бойынша ол қазан айында пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, өңірде жаңа жылу электр орталығының құрылысы басталады. Алдағы уақытта әлеуметтік нысандар, спорт кешендері мен мәдениет үйлері де бой көтереді. Президент тапсырмасына сәйкес Үкімет халыққа аса қажетті жобаларды жүзеге асыруға ерекше көңіл бөліп келеді», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Жұмыс сапары барысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Семей теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен де танысты. Бұл нысан өңірдегі маңызды көлік тораптарының бірі болып саналады және күн сайын мыңдаған жолаушыға қызмет көрсетеді.
Теміржол вокзалының ғимараты 1915 жылы салынған. Соңғы рет ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары 1972 жылы, ал күрделі жөндеу 2013 жылы жүргізілген болатын. Қазіргі таңда вокзал толық жаңғыртудан өтіп, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Жоба аяқталғаннан кейін вокзалдың жалпы аумағы 3 мыңнан 4,7 мың шаршы метрге дейін ұлғаяды. Сонымен қатар ғимараттың ішкі бөлмелері кеңейтіліп, инженерлік жүйелер жаңартылады, қасбеті жөнделеді, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта қалыптастырылады және ұзындығы 143 метр болатын жаңа жаяу жүргіншілер өткелі пайдалануға беріледі.
Құрылыс жұмыстары екі ауысымда ұйымдастырылған. Жөндеу кезеңінде жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында уақытша күту залы жұмыс істеп тұр. Бұл вокзал қызметін тоқтатпай, құрылыс жұмыстарын қатар жүргізуге мүмкіндік беруде.
Теміржол вокзалдарын жаңғырту Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы жүзеге асырып жатқан ауқымды бағдарлама аясында іске асырылуда. Бағдарламаның негізгі мақсаты – теміржол инфрақұрылымын жаңарту, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыру және еліміздің транзиттік әлеуетін күшейту.
Абай облысында аталған бағдарлама аясында 10 теміржол вокзалын жаңғырту жоспарланған. Жуырда Бородулиха ауданындағы Ауыл және Белағаш станцияларының вокзалдары пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта Семей, Аягөз, Шар, Ақсуат, Жалаңашкөл, Дегелең, Үшбиік және Жарма станцияларындағы жұмыстар жалғасып жатыр.
Жобалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы, Абай облысының әкімдігі және мердігер ұйымдар өкілдерінен құралған арнайы жұмыс тобы құрылған. Жұмыс тобы құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстап, өндірістік кеңестер өткізіп, туындаған мәселелерді жедел шешу бағытында тиісті шаралар қабылдауда.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Нұрлыбек Нәлібаев жауапты мекемелерге барлық құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды, құрылыс сапасына ерекше көңіл бөлуді, бөлінген қаржының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуді және нысандарды уақытылы пайдалануға беруді тапсырды. Оның айтуынша, көлік инфрақұрылымын жаңғырту өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және Абай облысының көлік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.



