Жазғы демалыс Тарбағатай төрінде жалғасуда

Үржар ауданының Тарбағатай тауының баурайында орналасқан «Тарбағатай» оқыту-сауықтыру орталығы биыл да балалардың жазғы демалысын мазмұнды ұйымдастырып, жас буынның тынығуы мен жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасап отыр. Көрікті табиғат аясындағы лагерьде оқушылардың қауіпсіздігіне басымдық беріліп, олардың уақытын тиімді өткізуге бағытталған кешенді бағдарламалар жүзеге асырылуда.
Таза ауа, табиғаттың әсем көрінісі мен қолайлы инфрақұрылым балалардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, жаңа достар тауып, ұмытылмас әсер алуына мүмкіндік береді. Лагерь аумағында демалушылар үшін барлық қажетті жағдай қарастырылған. Тәжірибелі тәлімгерлер мен тәрбиешілер әр күнді қызықты әрі мазмұнды өткізуге күш салып келеді.
Жазғы демалыс бағдарламасы балалардың қызығушылығы мен қабілетін дамытуға бағытталған. Мұнда спорттық жарыстар, эстафеталар, шығармашылық байқаулар, танымдық кездесулер, зияткерлік ойындар, мәдени-рухани кештер мен патриоттық іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылады. Мұндай шаралар балалардың шығармашылық әлеуетін ашып, көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыруға және бос уақытын тиімді өткізуіне ықпал етеді.
Биыл орталықта сегіз ауысым өткізу жоспарланған. Әр ауысымда 80 оқушы демалады. Осылайша жазғы маусымда жалпы 560 бала сауықтыру бағдарламасымен қамтылады. Лагерьде Үржар ауданының барлық ауылдық округтерінен келген оқушылар тынығып, табиғат аясында демалыс пен тәрбиені ұштастырып жатыр.
Жазғы сауықтыру науқаны барысында балалардың қауіпсіздігі ерекше бақылауда. Медициналық қызметтің үздіксіз жұмысы, санитарлық талаптардың сақталуы, дұрыс тамақтану мен тәулік бойғы бақылау лагерь жұмысының басты басымдықтарының бірі саналады.
«Тарбағатай» оқыту-сауықтыру орталығы – жазғы демалысты ұйымдастыратын орын ғана емес, жас ұрпақтың денсаулығын нығайтып, олардың шығармашылық, зияткерлік және әлеуметтік қабілеттерін дамытуға ықпал ететін маңызды тәрбие алаңы. Табиғатпен етене жақын ортада өткен әрбір күн балалардың жарқын естелігіне айналып, жаңа оқу жылына сергек әрі көтеріңкі көңіл күймен оралуына мүмкіндік береді.



