Басты жаңалық

Жолдаудағы басымдықтар жастар алаңында талқыланды

Семейде Президент Жолдауының негізгі бастамаларын талқылауға арналған «Bir Tolqynda» диалогтік алаңы өтті.

Жиында 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау, ең төменгі жалақыны 100 мың теңгеге дейін көтеру және қалалардың цифрлық моделін әзірлеу сынды маңызды бастамалар сөз болды. Жастар осы ұсыныстардың ел дамуына және халықтың тұрмыс сапасына тигізетін әсерін талқылады.

Диалог алаңына «Жастар Рухы» жастар қанаты Абай облыстық филиалының төрағасы Темірлан Бақтияров және Alikhan Bokeikhan University «Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, саясаттанушы Аман Рахметуллин қатысты.

Аман Рахметуллин Жолдаудағы инфрақұрылымдық жаңғыру мен құқықтық реформалардың маңызына тоқталды.

«Елдің дамуы жаңа нысандар салумен ғана шектелмейді. Қаланың инфрақұрылымын цифрлық модель арқылы басқару ресурстарды тиімді жоспарлауға, ал заңнаманы жаңарту азаматтар мен бизнес үшін түсінікті әрі тұрақты құқықтық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ең бастысы — бұл өзгерістер нақты қажеттіліктерге жауап беруі керек», — деді ол.

Өз кезегінде Темірлан Бақтияров жастардың қоғамдық бастамаларға қатысуы мен азаматтық жауапкершілігіне назар аударды.

«Таза Қазақстан» — тек қоршаған ортаны тазарту емес, ортақ кеңістікке деген жауапкершілікті қалыптастыру. Әр адам өз ауласына, көшесіне, қаласына жанашырлықпен қараса, бұл мәдениет қоғамның ортақ құндылығына айналады. Біз жуырда «Таза Қазақстан» идеясын насихаттауға бағытталған ROAD эстафетасын өткізіп, жастардың экологиялық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті дәріптеуге атсалысуына мүмкіндік жасадық», — деді филиал төрағасы.

Айта кетейік, Жолдаудағы әлеуметтік бастамалардың бірі — 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін көтеру. Бұл өзгеріс 1,8 миллион адамның табысын арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.

Кездесу барысында студенттер құрылыс пен инфрақұрылымды дамыту, жалақы мәселесі, цифрлық технологиялар және экологиялық мәдениет жөнінде пікір алмасып, сарапшыларға өз сауалдарын қойды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button