Басты жаңалық

Жаңа формат, жаңа қарқын

Абай облысында 12 бекет ашылып, жол бойы сервисі өзгереді

Аймақтың инфрақұрылымдық тамырына қан жүгіртіп, жол бойындағы сервисті заманауи деңгейге көтеруге бағытталған ірі жобалар Абай облысында жаңа қарқын алды. Семей қаласының өндірістік әлеуетін аралаған аймақ басшысы Берік Уәли өңірдегі энергетикалық ресурстарды тарату және халыққа сапалы қызмет көрсету желілерін кеңейтуге бағытталған маңызды бастамалармен танысты. Өңірдегі логистикалық әлеуетті арттырудың басты тетігі ретінде есептелетін отын-энергетика инфрақұрылымын жаңғырту – бүгінгі күннің айрықша талабы. Осы орайда, халықаралық стандарттарға сай келетін «LUKOIL» және «Sinooil» брендтерімен серіктесе отырып, аймақта заманауи 12 жанармай бекетін іске қосу жобасы өңірдің экономикалық импульсін айқындай түспек.

2020 жылдан бері нарықта тұрақты орныққан «GAS&МҰНАЙ» ЖШС бүгінде 236 жергілікті тұрғынды тұрақты жумыспен қамтып, 1,75 миллиард теңге көлемінде инвестицияны айналымға енгізді. Қазірдің өзінде Семейде төрт, Аягөзде және Қарауылда бір-бірден бекеті бар кәсіпорын өрісін одан әрі кеңейтуді көздейді. Жоспарға сәйкес, 2026-2027 жылдары қолданыстағы бекеттер толық ребрендингтен өтіп, мүлде жаңа форматта қайта түлейді. Мұнымен қоса, Sinooil компаниясымен бірлескен серіктестік аясында Семейдегі бар бекеттен бөлек, тағы екі заманауи нысан еңсе көтермек. Ауқымды жобаның игілігі тек облыс орталығымен шектелмейді: аймақтың жеті ауданында жол бойы сервисін дамыту мақсатында 10 арнайы жер телімі бөлініп, бастама өңірлік инвестициялық пулдың салмақты жобалары қатарына енді.
Жұмыс барысында инфрақұрылымды уақытылы әрі сапалы іске қосудың стратегиялық мәніне тоқталған Абай облысының әкімі Берік Уәли тұтынушылардың мүддесі мен баға тұрақтылығы ең басты орында тұруы тиіс екенін қадап айтты:

«Жанармай құю бекеттері – халыққа өте қажетті нысандардың бірі. Заман талабына сай жаңартылған станцияларға сұраныс бар. Бүгінде облысымыздың бірқатар аудандарында осындай бекеттер жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта басқа аудандарда да жаңа нысандар салу жоспарланып отырғанын білеміз. Біз бұл бастаманы толық қолдаймыз. Ең бастысы, жанармайды сату бойынша республика бойынша белгіленген бағаны сақтау маңызды. Халыққа сапалы қызмет көрсетіп, жанармай құю станцияларының айналасын абаттандыруға және тазалық жұмыстарын жүргізуге ерекше мән беріңіздер», – деді өңір басшысы.

Өңірлік логистиканы халықаралық биікке көтеретін бұл жобалар тасжол бойындағы сервистік қызметтің жаңа мәдениетін қалыптастырып, Абай облысының транзиттік тартымдылығын арттыруға елеулі үлес қоспақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button