Сүт безі обыры ерлерде де кездеседі

Сүт безі обыры тек әйелдерге тән ауру емес. Онколог Данара Сүлейменованың айтуынша, ер адамдарда да бұл диагноз кездеседі, алайда әйелдермен салыстырғанда шамамен 100 есе сирек. Яғни, сүт безі обырының 100 жағдайының біреуі ғана ер адамдарда тіркеледі.
Ерлерде неге пайда болады?
Дәрігердің айтуынша, ер адамдарда сүт тіні аз болса да, ол жерде де қатерлі ісік дамуы мүмкін. Негізгі қауіп факторлары:
— 60 жастан асу
— тұқым қуалаушылық, BRCA1 және BRCA2 гендерінің мутациясы
— отбасында сүт безі обырының болуы
— семіздік және бауыр аурулары салдарынан эстроген гормонының жоғарылауы
— кеуде қуысының сәулеленуі
Қандай белгілерге мән беру керек?
Онколог ер адамдар көбіне ауруды кеш анықтайтынын айтады, себебі олар бұл ауру маған тән емес деп ойлайды. Сондықтан мына белгілерге назар аудару қажет:
— кеудеде, емізік маңында қатты түйіннің пайда болуы
— емізіктен қанды немесе түссіз бөліністің шығуы
— емізіктің ішке қарай тартылуы, формасының өзгеруі
— қолтық асты лимфа түйіндерінің ұлғаюы
Емі бар ма?
Дәрігер сүт безі обыры ерте анықталған жағдайда ем нәтижесі жоғары болатынын атап өтті. 1-2 кезеңде анықталса, 5 жылдық өмір сүру көрсеткіші 90%-дан асады.
Қазіргі таңда таргеттік терапия, иммунотерапия және молекулалық зерттеу әдістері қолданылады. Ең бастысы – өзін-өзі тексеруден және жылына бір рет онкологқа қаралудан ұялмау керек, дейді маман.
«Егер кеудеңізде күмәнді өзгеріс байқасаңыз, бірден дәрігерге жүгініңіз. Бұл ұят емес, бұл – өз денсаулығыңызға деген жауапкершілік», — деді Данара Сүлейменова.



