Есімі еліне мәшһүр қаламгер

Абай кітапханасында көрнекті жазушы, драматург, публицист Медеу Сәрсекенің туғанына 90 жыл толуына орай «Есімі еліне мәшһүр қаламгер» атты еске алу кеші өтті.
Тағылымды шараға қаламгердің туған-туыстары, зиялы қауым өкілдері, әдебиеттанушы ғалымдар, театр және өнер қайраткерлері, жастар мен кітапхана оқырмандары қатысты. Кештің негізгі мақсаты – Медеу Сәрсекенің қазақ әдебиеті мен ұлттық руханиятқа қосқан өлшеусіз үлесін кеңінен насихаттау, шығармашылық мұрасын кейінгі ұрпаққа таныту болды.
Іс-шара барысында қаламгердің өмір жолы мен шығармашылық қызметі жан-жақты баяндалып, оның ұлттық әдебиеттегі орнына ерекше назар аударылды. Кеш мазмұнын байытқан маңызды бөлімдердің бірі Медеу Сәрсекенің драматургиялық мұрасына арналды. Бұл бағытта қаламгердің сахналық шығармалары туралы кеңінен айтылып, театр қайраткері, режиссер, профессор Есмұқан Обаевтың арнайы бейнебаяны көрермен назарына ұсынылды.
Сонымен қатар, еске алу кеші аясында кітапхана оқырмандарына «Есімі еліне мәшһүр қаламгер» атты кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге Медеу Сәрсекенің әр жылдары жарық көрген кітаптары, драмалық еңбектері, ғылыми-зерттеу жұмыстары, сондай-ақ мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалалары қойылды.
Тағылымы терең, мазмұны мәнді өткен еске алу кеші қаламгер рухына көрсетілген зор құрметтің айғағы болып, қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.



