«35 жылдыққа – 35 кітап»: Абай облысында бірегей жинақтың тұсаукесері өтті

Абай облысында Республика күні қарсаңында қазақ зиялыларының ағартушылық мұрасын жаңғыртуға арналған 35 томдық «Мирас» жинағының тұсаукесері өтті. Шараға облыс әкімі Берік Уәли, жазушы, дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы және өңірдің зиялы қауым өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай әзірленген жинаққа ХХ ғасырдың басында өмір сүрген қазақ қайраткерлерінің балаларға арналған оқулықтары, танымдық еңбектері мен аудармалары енген. Жобаның мақсаты – ұлттың білім-ғылымын дамытуға және ағартушылыққа үлес қосқан тұлғалардың рухани мұрасын бүгінгі ұрпаққа таныстыру.
Облыс әкімі Берік Уәлидің айтуынша, жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамаларын қолдау мақсатында қолға алынған.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына орай біз қасиетті Абай өңірінде осы бағытта көптеген жұмысты бастадық. Солардың бірі де бірегейі – “Мирас” сериясының аясында әзірленген 35 томдық жинақ», – деді Берік Уәли.
Жинаққа Тұрағұл Абайұлы, Спандияр Көбеев, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Мұхтар Әуезов және басқа да қазақ зиялыларының еңбектері енгізілген.
Кітаптар мазмұнына қарай үш бөлімге топтастырылған: «Жаратылыстану», «Әдеби аудармалар» және «Балаларға базарлық». Еңбектер сол кезеңдегі қазақ зиялыларының халықты ағартуға, балаларға білім беруге және әлемдік ғылым мен мәдениет жетістіктерін танытуға бағытталған қызметін көрсетеді.

Басылымдар қазіргі оқырманның жас ерекшеліктеріне бейімделіп, сапалы иллюстрациялармен толықтырылған. Бұл балалардың кітап мазмұнын жеңіл түсінуіне және оқуға деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Жинақтағы еңбектердің тарихи маңызы зор. Олар қазақ ағартушыларының білім мен ғылымды дамыту жолындағы ізденістерін танытып, ұлттық рухани мұраны жаңа буынға жеткізуге бағытталған.
Жоба аясында жарық көрген 35 томдық жинақ облыстағы барлық мектептер мен колледждерге таратылады.



