Жүрекке көмек жақындай ма?
Адам өмірін сақтап қалуда уақыттың әр минуты маңызды. Әсіресе жүрек талмасы кезінде медициналық көмекті дер кезінде көрсету науқастың өміріне тікелей әсер етеді. Ал аудан орталығынан шалғай орналасқан ауыл тұрғындары үшін шұғыл медициналық көмекке қол жеткізу әлі де өзекті мәселе.
Осы мәселені шешу мақсатында Абай облысының Үржар ауданында коронарлық араласу орталығының құрылысы жүргізілуде. Жобаның жалпы құны – 3,1 млрд теңге. Жаңа медициналық орталық 12 төсек-орынға шақталған.
Неліктен бұл орталық маңызды?
Бұған дейін Үржар ауданында жүрекке шұғыл операция жасау қажет болған науқастар Аягөз қаласына жіберіліп келген. Екі елді мекеннің арақашықтығы шамамен 175 шақырымды құрайды.
Мәліметке сүйенсек, 2025 жылы жүрек-қан тамырларының жіті жағдайына байланысты ауданнан 189 науқас Аягөзге жеткізілген. Бұл шалғай аудандарда мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігі қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Жаңа орталықта қандай мүмкіндік болады?
Медициналық мекемеде қан тамырларын зерттеуге арналған заманауи ангиограф аппараты орнатылады. Сонымен қатар палаталар өкпені жасанды желдету аппараттарымен және науқастың жағдайын үздіксіз бақылауға мүмкіндік беретін жеке мониторлармен жабдықталады.
Орталықтың ашылуы Үржар ауданы мен оған жақын елді мекендердің тұрғындары үшін мамандандырылған медициналық көмекті қолжетімді етуге бағытталған.
Бұл жобаның маңызы тек жаңа ғимараттың салынуымен өлшенбейді. Ең бастысы – шұғыл медициналық көмекке мұқтаж адамның қажетті емді алу үшін жүздеген шақырым жол жүру қажеттілігін азайту.



