Омбыда мәдени ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды

Ресей Федерациясының Омбы қаласында өткен «Ертіс: достық өзені – даму өзені» халықаралық форумының қорытындысы бойынша Абай облысы мен Омбы облысы арасындағы мәдени ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Форум соңында Омбы облысы Мәдениет министрлігі мен Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мәдениет саласындағы ведомствоаралық келісімге қол қойды.

Құжат екі өңір арасындағы мәдени байланыстарды жүйелі түрде нығайтуға бағытталған және бірқатар жаңа бастамаларды іске асыруға жол ашады. Атап айтқанда, келісім:
- ортақ көрмелер мен мәдени фестивальдерді ұйымдастыруды;
- тарихи және шығармашылық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруды;
- мәдениет саласындағы мекемелер арасындағы серіктестікті кеңейтуді;
- екі өңірдің мәдени мұрасын халықаралық деңгейде танытуға ықпал етуді
көздейді.
Бұл келісім Абай облысы мен Омбы облысы арасында биыл қол қойылған халықаралық және сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі 2025–2028 жылдарға арналған жоспардың логикалық жалғасы болып табылады. Құжатта туризм, мәдениет және гуманитарлық бағыттар бойынша бірлескен жобаларды дамытуға ерекше мән берілген.
Абай облысы әкімі Берік Уәли форумның пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде екі өңірдің мәдениет саласындағы әріптестігі тереңдей түсетінін атап өтті. Оның айтуынша, трансшекаралық мәдени жобалар халықтар арасындағы достықты нығайтып қана қоймай, өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Форум жұмысы барысында тараптар мәдени ынтымақтастықты кеңейтудің нақты механизмдерін талқылап, жаңа бастамаларды жүзеге асыруға ниет білдірді.



