Басты жаңалық

Абай облысында 3800 мемлекеттік қызмет орны бар

Абай облысында 2025 жылы мемлекеттік қызмет жүйесін дамыту, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, заңнаманың сақталуын бақылау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылды.

Қазіргі таңда облыс аумағында 378 мемлекеттік орган жұмыс істейді. Оның ішінде 279-ы жергілікті атқарушы органдар, 85-і орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері, сондай-ақ 14-і тексеру комиссиялары мен мәслихаттар.

Өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің жалпы штат саны 3800 бірлікті құрайды. Бүгінде нақты қызмет атқарып жүргендердің саны 3399 адам. Мемлекеттік қызметшілердің 58,1 пайызын әйелдер құрайды. Ал басшылық лауазымдардағы 970 қызметшінің 368-і әйел.

Кадрлық құрамға келсек, қызметкерлердің басым бөлігі жоғары білімді. Мемлекеттік қызметшілердің 90,7 пайызы жоғары білім алған, ал 21 пайыздан астамының бірнеше жоғары білімі бар. Мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы 40,1 жас, ал мемлекеттік қызметтегі орташа еңбек өтілі 10,5 жыл.

2025 жылы мемлекеттік қызметке 1366 адам тағайындалды. Оның ішінде 795 адам конкурс арқылы, ал қалғандары ауысу тәртібімен, сайлау нәтижелері бойынша немесе өзге де негіздермен қызметке қабылданған.

Меритократия қағидаты негізінде жыл ішінде 183 мемлекеттік қызметші жоғары лауазымдарға тағайындалды. Оның ішінде 112 қызметші ішкі конкурстар нәтижесінде, 36 қызметші бағалау нәтижелері бойынша, ал 9 қызметші Агенттіктің келісімімен жоғары лауазымдарға көтерілген. Сонымен қатар 42 қызметші ауысу тәртібімен жоғары лауазымдарға орналастырылды.

Әлеуметтік қолдау шаралары да жүзеге асырылуда. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 19 мемлекеттік қызметшіге көтерме жәрдемақы берілді. Бұдан бөлек, өңірлік кадр резерві шеңберінде 13 адам қызметке тағайындалып, олардың 11-і басшылық лауазымдарға орналастырылды.

Сонымен қатар, жоғары оқу орындарын GPA 3,33-тен жоғары көрсеткішпен аяқтаған 17 түлек мемлекеттік қызметке конкурстан тыс тәртіппен қабылданды.

Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыру бағытында да жұмыстар жүргізілді. Жоспарға сәйкес 888 қызметші оқытылды. Оның ішінде 299 қызметші қайта даярлау курстарынан, 589 қызметші біліктілікті арттыру семинарларынан өтті. Сонымен қатар 163 қызметші тағылымдамадан өтті.

Есепті кезеңде мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың сақталуына 47 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 1526 заң бұзушылық анықталды. Тексеру қорытындысы бойынша 451 мемлекеттік қызметшінің құқықтары қалпына келтірілді.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Әдеп жөніндегі кеңесінің 9 отырысы өтіп, онда 43 мәселе қаралды. Оның ішінде 15 тәртіптік іс және 28 профилактикалық мәселе талқыланды. Кеңес қорытындысы бойынша 58 ұсыным беріліп, олардың барлығы толық орындалды.

Нәтижесінде 10 лауазымды тұлғаға тәртіптік жаза қолдану ұсынылды. Оның ішінде 7 қызметкерге «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту», ал 3 қызметкерге «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза ұсынылды. Сонымен қатар 5 тәртіптік іс заңды негіздер бойынша тоқтатылды.

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілді. 2025 жылы облыс бойынша 9,1 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді, олардың 95,8 пайызы электронды форматта ұсынылған.

Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңнаманың сақталуына 32 бақылау іс-шарасы жүргізіліп, 2048 заң бұзушылық анықталды. Нәтижесінде 245 қызмет алушының құқықтары қалпына келтірілді.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және адалдық мәдениетін қалыптастыру бағытында 97 іс-шара өткізіліп, оған 4000-нан астам адам қатысты.

Білім беру ұйымдарында «Адал Ұрпақ» және «Саналы Ұрпақ» еріктілер клубтары белсенді жұмыс жүргізуде. Қазіргі таңда облыстың 286 мектебінде 7300-ден астам оқушы, сондай-ақ 30 студенттік клубта 600-ден астам студент осы бастамаларға қатысуда.

Жалпы алғанда, 2025 жылы Абай облысында мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button