Жаңа Конституция: Халық Кеңесіне қандай өкілеттік беріледі

Жаңа Конституция жобасында бір палаталы Парламентке көшу және мемлекеттік басқару жүйесін жаңарту қарастырылған. Бұл туралы Конституциялық Сот Төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов айтты.
Оның сөзінше, бір палаталы Парламентке қатысты барлық негізгі нормалар «Құрылтай» бөлімінде топтастырылған.
«Бұл бөлімде Құрылтайдың өкілеттігі, заң шығару бастамасы, заң жобаларын қарау және қабылдау тәртібі көрсетілген», – деді ол.
Үкіметке арналған бөлімде бірқатар мәселелер нақты жазылған.
«Құрылтайға көшуге байланысты Үкіметтің есеп беруі, жауаптылығы, сенімсіздік вотумы және бюджетке қатысты нормалар нақтыланды», – деп түсіндірді спикер.
Бақыт Нұрмұханов Қазақстан Халық Кеңесінің рөліне де тоқталды.
«Бұл ел азаматтарынан құралған, халықтың мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган», – деді ол.
Оның айтуынша, Халық Кеңесі заң жобаларын ұсынуға және референдум өткізуге бастама жасай алады. Конституциялық Соттың мәртебесі сақталады.



