Әскери қызметті өмірлік жол еткен отбасы

Еліміздің әуе қорғанысы саласында ерлік дәстүрін жалғап жүрген әскери қызметшілер аз емес. Солардың бірі – Семей қаласындағы 54835 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, майор Ерлан Шыналиев.
Ерлан Шыналиев Түркістан облысы Жетісай қаласында дүниеге келген. Ұшқыш болу бала күнгі арманы. 2012 жылы Ақтөбедегі Әуе қорғаныс күштері институтын аяқтап, алғашқы қызметін Үшарал қаласындағы әскери бөлімде бастады.
Бүгінде майор Ерлан Шыналиев Семей қаласындағы 54835 әскери бөлімінде авиациялық эскадрильяның штаб бастығы қызметін атқарады. Ол Ми-8, Ми-24, Ми-17 және ЕС-145 тікұшақтарын кәсіби деңгейде меңгерген тәжірибелі маман.
Оның жұбайы Әсем Шыналиева да әскери жолды таңдаған. Үшарал қаласының тумасы, көпбалалы отбасында өскен Әсем еңбек жолын 01850 әскери бөлімінде бастап, 2013 жылдан бері Семейдегі 54835 әскери бөлімінде инженер болып қызмет атқарады. Қазіргі уақытта бала күтіміне байланысты демалыста.
Екі ұл мен үш қыз тәрбиелеп отырған бұл отбасы – нағыз әскери әулет. Олар Қазақстан Қарулы Күштері ұйымдастырған Әскер тарланы байқауында «Мерейлі отбасы» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.



