Ізденіс пен еңбекті серік еткен студент

Жастар арасында оқу мен қоғамдық белсенділікті қатар алып жүрген талапты студенттер аз емес. Солардың бірі — Арчин Дидар. Шәкәрім университеті Білім беру жоғары мектебінің «Екі шет тілі: ағылшын және қытай» мамандығының 4-курс студенті.

Дидар университетте қоғамдық жұмыс, пікірсайыс, спорт және шығармашылық бағыттарда белсенділігімен танылып, түрлі деңгейдегі жарыстар мен жобаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізді.

Одан бөлек республикалық деңгейде «Қазақстан Республикасының үздік студенті» атанып, Президенттік қола медаль иегері болды. Сонымен қатар, «Жаңа Қазақстан» үздік көшбасшысы төсбелгісімен және Шәкәрім университетінің «Үздік студент» медалімен марапатталған. Университеттің ТОП-100 студенті қатарына енген.

Дидар пікірсайыс алаңында да бірнеше республикалық турнирлердің жеңімпазы және финалисі атанып, төрешілік еткен жарыстарда да үздік деп танылған. Спортта, әсіресе волейболда, қалалық және республикалық жарыстарда жүлделі орындар алып, бірнеше рет «Үздік ойыншы» атағына ие болды.

Шешендік өнер мен әдеби байқауларда да белсенді қатысып, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров оқуларында бас жүлде жеңіп алған. Сонымен қатар ғылыми және педагогикалық бағыттағы байқауларда жүлделі орындарға ие болған.

Қазіргі таңда ол өндірістік практика барысында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі қызметін атқарып, дипломдық жұмысын жазып жатыр.
Дидар Арчин өз дамуында рухани, психологиялық, интеллектуалды және физикалық тепе-теңдікке мән береді. Ол күнін таңғы 4-те бастап, білім алуға, тіл үйренуге, кітап оқуға, спортпен шұғылдануға және өзін-өзі дамытуға уақыт бөледі.
Өз сөзінде ол:
«Қазіргі уақытта әр адам уақытын дұрыс жоспарлауы тиіс. Студенттік шақ білім мен дағды жинайтын ең маңызды кезең. Адам өз өмірін тек өз ойы мен әрекеті арқылы өзгерте алады. Сондықтан әр адам өз дамуына тұрақты түрде көңіл бөлуі керек», — дейді.
Жас көшбасшының өмірлік ұстанымы:
«Өз тұлғалығыңды дамыту арқылы қоғамның дамуына үлес қосу».



