Аққалада ауыл медицинасын қолдайтын жаңа нысан іске қосылды

Аққала елді мекенінде жаңа медициналық пункт пайдалануға беріліп, осыған орай ауыл тұрғындарымен кездесу өтті. Іс-шараға жұмыс сапарымен келген Абай облысының әкімі Берік Уәли қатысып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Кездесу барысында ауыл халқы ауыз су және өзге де өзекті мәселелерді көтерді. Өңір басшысы көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.
Аққала ауылы аудан орталығынан 10 шақырым қашықтықта орналасқан. Медициналық пункт Екпін ауылы дәрігерлік амбулаториясына қарайды. Нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынып, құрылысы 2024 жылы басталып, 2025 жылы аяқталды.
Медициналық пункт тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсетеді, аурулардың алдын алу шараларын жүргізеді, вакцинация жасайды, медициналық тексерулер ұйымдастырады және шұғыл жағдайларда алғашқы көмек көрсетеді. Пункт тәулік бойы жұмыс істейді.
Медициналық мекемеде бір фельдшер қызмет атқарады. Елді мекенде барлығы 143 тұрғын тіркелген. Оның ішінде 33 бала, 3 сәби, 4 жасөспірім, 4 жүкті әйел бар. Ересектер саны – 110 адам. Ауылда 66 әйел тұрады, олардың 19-ы фертильді жаста.
2025 жылы медициналық пунктте 500 қабылдау жүргізіліп, 138 адам үй жағдайында медициналық көмек алған. Өткен жылы ауылда 2 адам қайтыс болған. Тіркелген халық толық профилактикалық тексеруден өткен. Қазіргі уақытта 37 адам диспансерлік есепте тұр. Амбулаториялық деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету толық орындалған.
Жаңа медициналық пункттің ашылуы ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, ауыл медицинасын дамытуға серпін берді.



