Басты жаңалық

Ақсуаттағы орталық аурухана жаңарып, жаңа КТ аппараты іске қосылды

2025 жылы Ақсуат аудандық ауруханасы жаңа медициналық құрал-жабдықтармен толықты. Соның ішінде компьютерлік томография (КТ) аппараты орнатылып, тұрғындарға ауданнан шықпай-ақ сапалы диагностикадан өтуге мүмкіндік туды.

Бұған дейін ауданда КТ аппараты болмағандықтан, тұрғындар тексеруден өту үшін Семей қаласына баруға мәжбүр еді. Енді шұғыл жағдайларда уақыт жоғалтпай, қажетті зерттеуді жергілікті жерде жасауға мүмкіндік бар.

Компьютерлік томография инсульт, ми жарақаты, өкпе аурулары, ісік, ішкі қан кету секілді ауыр дерттерді ерте анықтауға көмектеседі. Бұл дер кезінде ем жүргізуге және науқастың өмірін сақтап қалуға үлкен мүмкіндік береді. Сондай-ақ жол-көлік оқиғалары мен ауыр жарақаттар кезінде жедел әрі нақты диагноз қоюға жағдай жасайды.

Заманауи құрылғының іске қосылуы тұрғындардың жол шығынын азайтып, медициналық көмектің қолжетімділігін арттырды.

Сонымен қатар Абай облысының әкімі Берік Уәлидің Ақсуат ауданына жұмыс сапары барысында орталық ауруханада жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Аурухана ғимаратында шатыр толық жаңартылып, сыртқы қасбеті жөнделген. Қазіргі уақытта ішкі бөлімдерде жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жаңарту жұмыстары медициналық қызмет сапасын жақсартып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Нәтижесінде аудан тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасы артып, денсаулық сақтау қызметінің мүмкіндігі кеңейіп келеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button