Басты жаңалық

Тоқаев сегіз елдің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады

Ақордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірқатар мемлекеттің төтенше және өкілетті елшілері сенім грамоталарын тапсырды.

Рәсім барысында Норвегия Корольдігінің елшісі Хелена Санд Андресен, Аргентина Республикасының елшісі Энрике Игнасио Феррер Виейра, Гана Республикасының елшісі Кома Стим Джеху Аппьях, Мали Республикасының елшісі Сейду Камиссоко, Гамбия Республикасының елшісі Алкали Фанка Конте, Бангладеш Халық Республикасының елшісі Мұхаммед Назрул Ислам, Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасының елшісі Шобини Гунасекера және Босния және Герцеговина елшісі Иван Орлич Президентке сенім грамоталарын табыстады.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы дипломаттарға Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси даму бағыттары жөнінде айтты. Президенттің сөзінше, сыртқы сын-қатерлерге қарамастан Қазақстан аймақтағы тұрақты әрі экономикасы қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірі.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев 15 наурызда елімізде жаңа Конституция жобасы бойынша жалпыхалықтық референдум өтетінін атап өтті. Президент бұл маңызды құжат Қазақстандағы реформаларды жалғастыруға, демократиялық жаңғыруға және халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді деген үміт білдірді.

Мемлекет басшысы Қазақстан бейбіт сыртқы саясат ұстанатынын айтты. Оның пікірінше, әлемдегі барлық кикілжіңдер мен қақтығыстар дипломатиялық жолмен, бейбіт түрде шешілуі тиіс.

Басқа жаңалықтар

Back to top button