Берік Уәли Аягөздегі су басу қаупі бар учаскелерді тексерді

Абай облысының әкімі Берік Уәли жұмыс сапары барысында Аягөз қаласындағы су басу қаупі бар аумақтардың біріне барып, жағдайды тексерді.
«Қазгидромет» РМК Абай облысы бойынша филиалының мәліметінше, Ақсуат, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма және Көкпекті аудандары көктемгі су тасқыны қаупі бар аймақтардың қатарына жатады.
Аймақ басшысы Аягөз қаласындағы «Қуаныш» мөлтек ауданындағы көшелердің бірінде жер асты суының көтерілуі байқалған учаскені аралап көрді.

Облыс әкімі жауапты тұлғаларға тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су жиналуының алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар су ағар жүйелерін тұрақты тазалап, қажетті техника мен жұмыс күшін толық жұмылдыруды, жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстауды міндеттеді.
Қазіргі уақытта аталған аумақта 2 тиегіш, 2 JCB арнайы техникасы, 2 Shacman жүк көлігі және 13 адамнан тұратын жұмыс тобы жұмыс жүргізіп жатыр. Мамандар су ағар арықтарды тазалап, топырақ шығару, арықтарды кеңейту және судың бағытын реттеу жұмыстарын атқаруда. Сондай-ақ су ағар науалары мен арықтар күнделікті тазартылып, су ағу жолдары ашылуда.
Аягөз ауданы әкімінің міндетін атқарушы Айбек Нұғымаров облыс әкіміне көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Бүгінгі күнге дейін қала көшелерінен 32 мың текше метр қар арнайы белгіленген орындарға шығарылған. Сонымен қатар 8,8 шақырым жабдықталған су ағар арықтар, 12 шақырым жабдықталмаған арықтар және 85 су өткізгіш құбыр тазартылған.

Қажет болған жағдайда қосымша күштерді тарту мүмкіндігі қарастырылған. «Аягөз-су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының 6 су сору техникасы, теміржол мекемесінің 3 техникасы және №13 өрт сөндіру бөлімінің техникасы дайын тұр. Сонымен қатар төтенше жағдайлар бөлімінде 5 тонна дизель отыны мен 3 тонна АИ-92 бензин қоры әзірленген.
Сапар барысында облыс әкімі Аягөз қаласындағы 60 пәтерлі тұрғын үйге де барып, тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстармен танысты.
Аталған тұрғын үй өткен жылы пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта пәтерлерді «Отбасы банк» АҚ арқылы сату жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге дейін 8 пәтердің иелері қоныстанған. Сонымен қатар бір бөлмелі 2 пәтер, екі бөлмелі 1 пәтер және үш бөлмелі 2 пәтер ауданның тұрғын үй қорына берілген. Бұл пәтерлер әлеуметтік санаттағы азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған.
Аймақ басшысы өңір тұрғындарын баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.



