Басты жаңалық

Абай облысының инвестициялық қоржыны он жаңа жобамен толықты

Абай облысында облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен Инвестиция тарту жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиында өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, логистика, туризм, спорт, денсаулық сақтау және көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жаңа инвестициялық жобалар қаралды.

Кеңес отырысына облыстық басқармалар басшылары, мемлекеттік органдардың, даму институттарының, бизнес қауымдастықтың өкілдері мен инвесторлар қатысты. Кездесудің негізгі тақырыбы – өңірге қосымша инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және облыстың экономикалық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік беретін бастамаларды талқылау болды.

Жиынды ашқан облыс әкімі Берік Уәли инвестиция тарту өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдар инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасап, жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде жан-жақты қолдау көрсетіп, әкімшілік кедергілерді жедел шешуі тиіс.

Кеңесте экономиканың түрлі салаларын қамтитын 10 инвестициялық жоба таныстырылды.

Ірі жобалардың бірі – Мақаншы ауданында «құрғақ порт» салу. Бұл жоба заманауи көлік-логистикалық хаб қалыптастырып, жүк тасымалы көлемін арттыруға, өңірдің транзиттік әлеуетін күшейтуге және халықаралық сауда байланыстарын дамытуға мүмкіндік береді.

Агроөнеркәсіптік кешенде 10 мың гектар алқапқа күнбағыс өсіру жобасы мақұлданды. Оның нәтижесінде майлы дақылдар өндірісі ұлғайып, өңдеу кәсіпорындары шикізатпен қамтамасыз етіліп, жаңа жұмыс орындары ашылады.

Семей қаласында жүктерді сақтау мен өңдеуге арналған заманауи логистикалық кешен салу жоспарланып отыр. Бұл өңірдің логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтіп, сауда мен өнеркәсіптің дамуына серпін береді.

Спорт инфрақұрылымын дамыту аясында жыл бойы жаттығулар мен жарыстар өткізуге мүмкіндік беретін KFF Arena футбол манежінің құрылысы көзделген. Сонымен қатар заманауи отбасылық спорт кешенін салу жобасы ұсынылды.

Денсаулық сақтау саласында заманауи жабдықтармен қамтылған көпсалалы медициналық клиника салу жобасы қаралды. Жоба тұрғындарға көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ түрлі өнімдерді сақтау және таратуға арналған тағы бір логистикалық орталық салу жоспарланып отыр. Бұл көлік және сауда инфрақұрылымын одан әрі дамытуға ықпал етеді.

Ауыл шаруашылығы саласында қуаттылығы 40 мың тонна болатын аралас үлгідегі астық элеваторын салу көзделген. Жаңа нысан астық сақтау көлемін арттырып, өңірдің экспорттық әлеуетін күшейтеді.

Туризм бағытында жол бойындағы заманауи туристік кешеннің құрылысы ұсынылды. Кешенде демалыс, тамақтану және саяхатшыларға қызмет көрсету нысандары орналасады.

Көкпекті ауданында 200 сауынды сиырға арналған сүт-тауар фермасын салу жобасы да мақұлданды. Бұл сүт өндірісін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңдеу кәсіпорындарын сапалы шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Аягөз ауданында тау-кен өндірісі кәсіпорындарына арналған химиялық реагенттерді сақтау және жөнелтуге арналған қойма кешенін салу жоспарланып отыр.

Талқылау қорытындысы бойынша ұсынылған барлық он инвестициялық жоба Өңірлік үйлестіру кеңесінің мүшелері тарапынан бірауыздан қолдау тапты.

Жобалардың жалпы инвестиция көлемі 57,7 млрд теңгені құрайды. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде өңірде 600-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылып, салық түсімдері артып, шағын және орта бизнестің дамуына қосымша мүмкіндік туады.

Жиынды қорытындылаған Берік Уәли қаралған әрбір жобаның облыс үшін стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті.

Облыс әкімі қала және аудан әкімдеріне, салалық басқармалар мен жауапты мемлекеттік органдарға инвесторларды барлық кезеңде толық сүйемелдеуді, жер телімдерін бөлу, инженерлік инфрақұрылымға қосу және рұқсат құжаттарын рәсімдеу мәселелерін уақытылы шешуді тапсырды.

Аймақ басшысы қолайлы инвестициялық ахуалды мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді әріптестік арқылы ғана қалыптастыруға болатынын айтты. Сондықтан облыста әкімшілік рәсімдерді қысқарту, инвесторларды сүйемелдеу тетіктерін жетілдіру және туындайтын мәселелерді жедел шешу жұмыстары жалғасады.

Жиында айтылғандай, соңғы уақытта Абай облысының инвестициялық қоржыны айтарлықтай ұлғайған. Бұрын оған 29 жоба кірсе, бүгінде олардың саны 112-ге жетіп, әлеуетті инвестиция көлемі 2,2 трлн теңгеден 4,4 трлн теңгеге дейін артқан.

Қазіргі уақытта өңірде бірқатар ірі стратегиялық жобалар іске асырылып жатыр. Олардың қатарында құны 577,5 млрд теңге болатын «Аягөз – Бақты» теміржол желісінің, құны 714 млрд теңге болатын Семейдегі жаңа жылу электр орталығының, сондай-ақ 255 млрд теңге инвестиция тартылған тау-кен байыту комбинатыныңқұрылысы бар.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру заманауи өндірістерді дамытуға, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, халықты жұмыспен қамтуға және экономиканың жаңа өсу нүктелерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Абай облысының инвестициялық қоржынын кеңейту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button