Әдеби додаға өтінім ашық

Қазақстанда «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына өтінім қабылдау ресми түрде басталды. Байқау отандық қаламгерлерді қолдау және қазақ әдебиетінің дамуына серпін беру мақсатында өткізіледі.
Биыл бесінші рет ұйымдастырылып отырған әдеби сыйлыққа бұрын жарияланбаған туындылар қабылданады. Қатысушылар «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драматургия», «Үздік әдеби аударма», «Үздік балалар әдебиеті», «Үздік әдеби сын» және «Үздік комикс» номинациялары бойынша бақ сынай алады.
Байқауға Қазақстанның барлық авторлары қатыса алады, жас ерекшелігіне шектеу қойылмаған. Ұлттық әдеби сыйлықтың жалпы жүлде қоры – 35 миллион теңге. Әр номинация жеңімпазына 5 миллион теңгеден табысталады.
Өтінімдер 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін қабылданады. Қатысу үшін үміткерлер Aiboz.kz сайты арқылы тіркелуі қажет.
Ұлттық әдеби сыйлықтың жеңімпаздары жыл соңында анықталып, салтанатты түрде марапатталады. Қосымша ақпаратты ресми сайттан немесе байланыс нөмірі арқылы алуға болады.


