Балалардың қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік

Абай облысында балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі ерекше бақылауда. Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте балалардың көшелер мен жолдардағы қауіпсіздігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер талқыланды.
Кеңесте жол-көлік оқиғаларының алдын алу, білім беру ұйымдары маңындағы қауіпсіздік инфрақұрылымын жетілдіру және профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыру мәселелеріне баса назар аударылды.

Биылғы бес айда облыста 253 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның 65-і балалардың қатысуымен болған. Осыған байланысты өңірде жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Соңғы екі жылда жүздеген жол белгілері орнатылып, жаңартылды, бағдаршамдар мен жасанды жол кедергілері қойылып, жаяу жүргіншілер жолдары салынды.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарында жол қозғалысы ережелерін түсіндіру, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы профилактикалық жұмыстар тұрақты жүргізілуде.

Аймақ басшысы балалардың қауіпсіздігі тек полиция қызметкерлері мен білім беру ұйымдарының емес, барлық мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы биліктің және ата-аналардың ортақ міндеті екенін атап өтті.
Кеңес қорытындысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейтіп, жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша нақты әрі нәтижелі шараларды жалғастыру тапсырылды.



