Инвестиция игілікке бастайды: Абай облысында жаңа жобалар

Абай облысында жалпы құны 1,5 миллиард АҚШ долларын құрайтын ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ. Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Берік Уәли Ордос қаласында «Ішкі Моңғолия Ваньцзян Инвест» компаниясымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Жобалар өңірде жаңа өндірістерді іске қосып, өнеркәсіп пен энергетика саласының дамуына серпін береді.
Меморандум аясында Абай облысында жылына 300 мың тонна алюминий өнімін өндіретін зауыт салу және жалпы қуаттылығы 1 гигаватт болатын жел электр станцияларын іске қосу жоспарланған. Инвестициялық жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және облыс экономикасының тұрақты өсіміне ықпал етеді.

Құжатқа қол қою рәсімінде облыс әкімі Берік Уәли аталған жобалардың Абай облысы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Сондай-ақ өңірдің инвесторлармен өзара тиімді әріптестікті кеңейтуге және бірлескен бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.
Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы меморандумға қол қойған компанияның өндірістік кешенінде болды. «Ішкі Моңғолия Ваньцзян Инвест» – көмір өндіру, оны өңдеу мен тасымалдау, жаңа энергетика, өндірістік жабдық шығару және құрылыс салаларын қамтитын ірі көпсалалы кәсіпорын. Компания құрамында 30-дан астам еншілес ұйым жұмыс істейді, жылдық айналымы 5 миллиард юаньнан асады. Қазіргі уақытта кәсіпорын Қытайдың бірнеше өңірінде және Қазақстанда бірлескен жобаларды жүзеге асырып келеді.
Сонымен қатар облыс делегациясы Ордос қаласындағы заманауи өндіріс орындарының жұмысымен танысты. «Inner Mongolia Wanzhong Yinuan Technology Co., Ltd» кәсіпорны энергия үнемдейтін әрі экологиялық таза жылыту жабдықтарын шығарады. Автоматтандырылған өндіріс орны жылына 300 мыңға дейін жылыту құрылғысын өндіруге қауқарлы.

Делегация «Ordos Wanpu Shanfang Food Co., Ltd» тағам өндірісі зауытында да болды. Кәсіпорын дайын және жартылай дайын тағам өнімдерін өндіреді. Мұнда шикізатты қабылдаудан бастап қаптау, салқындату және мұздатуға дейінгі толық өндірістік цикл жолға қойылған. Зауыттың өндірістік қуаты жылына шамамен 20 миллион қаптама өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Кездесулер барысында өнеркәсіп, жаңа энергетика, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Тараптар озық өндірістік тәжірибені енгізу мен бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру бағытындағы өзара ықпалдастықты нығайтуға мүдделі екенін білдірді.

Айта кетейік, Берік Уәли бастаған Абай облысы делегациясының Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапарының қорытындысы бойынша жалпы сомасы 4 миллиард АҚШ долларын құрайтын меморандумдарға қол қойылды. Бұл келісімдер өңірге жаңа инвестициялар тартуға және экономиканың басым салаларын дамытуға мүмкіндік береді.


