Басты жаңалық

Тассайдың табысты тәжірибесі

Абай облысының әкімі Берік Уәли Көкпекті ауданына жұмыс сапары барысында Тассай ауылындағы әлеуметтік және өндірістік нысандардың жұмысымен танысты. Аймақ басшысы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте болып, білім ордасының жай-күйін көрсе, кейін ауылдағы балық өңдеу цехының жұмысымен танысты.

1980 жылы салынған мектепте бүгінде 170 оқушы білім алып, мектепалды даярлық тобында 21 бала тәрбиеленуде. Білім ордасында 41 мұғалім еңбек етеді. Оқу үдерісіне қажетті кабинеттермен қатар спорт залы, кітапхана және асхана жұмыс істейді.

Тассайдағы мектептің ерекшелігі – түлектердің туған білім ордасына тұрақты қолдау көрсетуі. Мектепте қазақ күресінің ардагері Амантай Қазымұлының құрметіне арналған күрес залы және медицина ғылымдарының докторы, профессор Марат Мусиннің атындағы биология кабинеті жабдықталған. Бұл жұмыстардың барлығы ауыл түлектерінің демеушілігімен жүзеге асқан.

Дегенмен, білім ошағында шешімін күткен мәселелер де бар. Ғимаратқа 46 жылдан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстарын жүзеге асыру үшін қажетті жобалық-сметалық құжаттар дайындалған.

Мектепті аралаған облыс әкімі білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізу мәселесі назарда болатынын айтты.

– Мектеп түлектерінің туған білім ордасына қолдау көрсетіп отырғаны қуантады. Бұл – көпшілікке үлгі болатын іс. Дегенмен ғимаратқа күрделі жөндеу қажет екені байқалып тұр. Қаржыландыру мәселесін қарастырып, қолдау көрсету жолдарын іздейтін боламыз, – деді Берік Уәли.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Тассай ауылындағы «Ағайынды» шаруа қожалығы жанынан ашылған балық өңдеу цехында да болды.

2023 жылы іске қосылған өндіріс орнында балық филесі, балық фаршы және балық ұны өндіріледі. Кәсіпорынның жылдық қуаты 540 тоннаға жетеді. Күн сайын шамамен 1,5 тонна өнім өндіріліп, бүгінде 20-дан астам ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндірілген өнімнің бір бөлігі Еуропа нарығына экспортталады.

Зайсан көліне жақын орналасқан Тассай ауылында балық шаруашылығы бұрыннан дамыған. Соңғы жылдары шикізатты өңдеп, дайын өнім шығару жолға қойылып, жергілікті тұрғындардың табысын арттыруға мүмкіндік туып отыр.

Кәсіпорын директоры Жанат Ибрагимов өндірісті кеңейту үшін қосымша жер телімі қажет екенін айтып, облыс әкімінен қолдау сұрады.

Аймақ басшысы өңдеу өнеркәсібінің ауыл экономикасын дамытудағы рөліне тоқталып, кәсіпорынға қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.

– Шикізатты өңдеп, дайын өнім шығару ауыл экономикасына қосымша табыс әкеледі. Мұндай өндірістер жаңа жұмыс орындарын ашып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Сондықтан бұл бастамаға жан-жақты қолдау көрсетеміз, – деді облыс әкімі.

Тассай ауылындағы мектеп пен өндіріс орнын аралау барысында білім беру сапасын арттыру мен ауыл кәсіпкерлігін дамыту мәселелері қатар қарастырылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған нақты міндеттер айқындалды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button