Семейде «Semey Mall» заманауи сауда-ойын-сауық орталығының құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Абай облысында инвестициялық жобаларды іске асыру, қалалардың сәулеттік келбетін жаңарту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Өңірде сауда, қызмет көрсету, туризм және ойын-сауық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ірі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Осындай маңызды бастамалардың бірі – Семей қаласында салынып жатқан «Semey Mall» көпфункционалды сауда-ойын-сауық орталығы.
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласын жұмыс сапары барысында жаңа орталықтың құрылыс алаңына барып, жобаның іске асырылу барысымен танысты. Аймақ басшысына мердігер ұйым мен инвесторлар құрылыс жұмыстарының қазіргі кезеңі, жобаның негізгі ерекшеліктері, инженерлік инфрақұрылымның жай-күйі және нысанды пайдалануға беру мерзімдері туралы баяндады.
Облыс әкімі құрылыс алаңын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына ерекше назар аударып, жауапты тұлғаларға жобаны белгіленген мерзімде әрі жоғары сапамен аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
«Semey Mall» – Семей қаласының орталық бөлігінде, Абай көшесінің бойында бой көтеріп жатқан өңірдегі ең ірі әрі заманауи коммерциялық нысандардың бірі. Кешен халықаралық талаптарға сай жобаланған және тұрғындарға сауда жасауға, демалуға, бос уақытын тиімді өткізуге, мәдени әрі ойын-сауық қызметтерін бір жерде пайдалануға мүмкіндік береді.
Жоба іске асқаннан кейін бұл орталық Семей қаласының жаңа қоғамдық кеңістіктерінің біріне айналып, қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарының қатарынан орын алады деп күтілуде.
Кешеннің жалпы құрылыс алаңы 40 мың шаршы метрді құрайды. Бұл оны өңірдегі ең ірі сауда және ойын-сауық орталықтарының біріне айналдырады.
Жоба жеке инвестордың қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатыр. Инвестиция көлемі 26 миллиард теңгеніқұрайды.
Мұндай ауқымды инвестиция өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, сауда және қызмет көрсету саласын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Жобаға сәйкес кешенде тұрғындар мен қонақтарға арналған көптеген заманауи қызмет түрлері ұсынылады.
Атап айтқанда, орталық құрамында:
- 10 кинозалы бар заманауи кинотеатр;
- кең көлемді фудкорт аймағы;
- мейрамханалар мен қоғамдық тамақтану орындары;
- балаларға арналған үлкен ойын-сауық орталығы;
- сауда галереялары;
- ірі сауда дүкендері;
- брендтік бутиктер;
- түрлі қызмет көрсету орындары орналасады.
Кешеннің архитектуралық шешімінде келушілердің жайлылығы мен қауіпсіздігіне ерекше мән берілген.
Жоба аясында 184 орындық жерасты автотұрағы салынады. Бұл қаланың орталық бөлігіндегі көлік жүктемесін азайтып, келушілер үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар «Semey Mall» сауда орталығы мен бұрынғы тарихи зооветеринарлық институт ғимаратының арасында заманауи жаяу жүргіншілер аллеясы бой көтереді.
Бұл қоғамдық кеңістік тұрғындардың серуендеуіне, демалуына және тарихи әрі жаңа сәулет нысандарын біртұтас ансамбль ретінде қабылдауына жағдай жасайды.
Жобада көгалдандыру, абаттандыру, заманауи жарықтандыру жүйелері, шағын сәулет нысандары мен демалыс аймақтарын орналастыру да қарастырылған.
Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.
Жоспар бойынша орталық 2027 жылдың соңында пайдалануға беріледі.
Нысан толық іске қосылғаннан кейін мұнда шамамен 1000 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.
Бұл жаңа жұмыс орындары жастарды жұмыспен қамтуға, қызмет көрсету саласының дамуына және өңірдегі еңбек нарығын кеңейтуге елеулі ықпал етеді.
Сонымен бірге орталықтың ашылуы шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді. Сауда орындары мен қызмет көрсету нысандарының ашылуы жаңа кәсіпкерлерге өз бизнесін дамытуға мүмкіндік жасап, жергілікті бюджетке түсетін салық көлемін арттыруға ықпал етеді.
Облыс әкімі Берік Уәли мұндай заманауи кешеннің Семей қаласы үшін аса маңызды екенін атап өтті.
Оның айтуынша, өңір тұрғындары көптен бері халықаралық деңгейдегі сауда және ойын-сауық орталығының ашылуын күтіп келеді.
«Халық бұл орталықтың ашылуын асыға күтіп отыр. Кешен қаланың дәл ортасында, өте қолайлы жерде орналасқан. Бүгінде Семейде осындай көлемдегі әрі заманауи талаптарға толық сай келетін сауда-ойын-сауық орталығы жоқ. Сондықтан тұрғындардың отбасымен келіп демалуына, балалардың уақытын қызықты өткізуіне, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруына арналған мұндай кешен қала үшін өте қажет. Бұл – үлкен инвестиция, ауқымды жоба. Біз құрылыс жұмыстарының сапасын тұрақты бақылауда ұстаймыз. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан инвесторларға барлық қажетті қолдау көрсетілетін болады», – деді Берік Уәли.
Аймақ басшысы сондай-ақ мұндай инвестициялық жобалардың Семей қаласының заманауи келбетін қалыптастыруға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал ететінін айтты.
Бүгінде Абай облысында туризм, қызмет көрсету және қонақжайлық индустриясын дамыту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірдің туризм саласында жалпы құны 8,9 миллиард теңгені құрайтын төрт инвестициялық жоба іске қосылды.
Олардың қатарында «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумы аясында жүзеге асырылған «Pana Unique Semey» бес жұлдызды қонақ үй-мейрамхана кешені ерекше орын алады.
Жобаның жалпы құны 6,5 миллиард теңгені құрады. Қонақ үй кешені өткен жылдың соңында пайдалануға беріліп, нәтижесінде 107 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды.
Сонымен қатар Бесқарағай ауданындағы Старая Крепость аумағында жалпы құны 1 миллиард теңге болатын балық шаруашылығы мен туризмді ұштастырған заманауи демалыс кешені іске қосылды.
Бұл жоба өңірдің туристік әлеуетін арттырып, экологиялық және отбасылық туризмнің дамуына жаңа мүмкіндік ашты.
Жол бойындағы сервисті дамыту бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда.
Өткен жылы «Семей – Павлодар» республикалық автожолы бойында «Petro Retail» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі заманауи Keruen Inn қонақ үй кешенін пайдалануға берді.
Бұл нысан жол бойындағы қызмет көрсету сапасын арттырып, ішкі туризмнің дамуына және халықаралық көлік дәліздері бойындағы инфрақұрылымды жетілдіруге ықпал етуде.
Жалпы, Абай облысында жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалар өңірдің экономикалық әлеуетін күшейтіп қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға, кәсіпкерлікті дамытуға және қалалардың заманауи келбетін қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр. Ал «Semey Mall» сауда-ойын-сауық орталығы осы бағыттағы ең ірі әрі стратегиялық маңызы бар жобалардың бірі ретінде Семей қаласының әлеуметтік және экономикалық дамуына тың серпін береді деп күтілуде.



