«Ұлттық қор – балаларға»: болашаққа инвестиция

«Ұлттық қор – балаларға» бастамасы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында жарияланды. Бастаманың негізгі қағидаты – ұлттық байлық әрбір азаматқа бала кезінен бастап нақты әрі тікелей пайда әкелуі, ал табиғи ресурстардан түсетін табыс әділ және тең бөлінуі тиіс.
Бағдарламаны іске асыру 2024 жылғы 1 қаңтарда басталды. Оған 2006 жылдан бастап туған Қазақстан Республикасының барлық балалары қатысады. Іске қосылған сәттен бастап бастама 6 919 131 баланы қамтыды. Қаражатты есептеу барлық қатысушылар үшін тең шарттарда жүргізіледі және өңірге, отбасының табысына немесе ата-анасының әлеуметтік мәртебесіне тәуелді емес.
Қаржылық тетікке сәйкес, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық кірісінің 50 пайызы жыл сайын балалардың арнайы мақсатты жинақтау шоттарына аударылады. Қаражат Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеке шоттарда жинақталып, 18 жасқа дейін пайдалануға берілмейді. Есептеулер мұнай, газ және басқа да стратегиялық ресурстардан түсетін инвестициялық табыс есебінен жүргізіледі.
- 2024 жылы бір балаға – 100,52 АҚШ доллары
- 2025 жылы – 129,38 АҚШ доллары
- 2026 жылғы қаңтарда – 130,71 АҚШ доллары есептелді
Үш жыл қатарынан қатысып келе жатқан бала үшін инвестициялық кірісті қоса алғанда жинақталған сома 370,56 АҚШ долларын құрады. 2026 жылы 18 жасқа толатын 356 613 азамат өз жинақтарын пайдалану құқығына ие болады.
Мақсатты жинақтар кәмелетке толғаннан кейін екі бағытта пайдаланылады:
– тұрғын үй жағдайларын жақсарту;
– Қазақстанда немесе шетелде білім алу ақысын төлеу.
Қаражатты толық немесе ішінара пайдалану мүмкін, ал пайдаланылмаған қалдық шотта сақталады. Қаражатты алу уәкілетті операторлар арқылы жүзеге асырылады және тек мәлімделген мақсатқа бағытталады.
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша:
– 205 505 өтініш орындалды;
– жалпы аударылған сома 31,61 млн АҚШ долларынан асты;
– оның ішінде 19,69 млн доллар – тұрғын үйге, 11,92 млн доллар – білім алуға бағытталды.
Есептелген қаражат туралы ақпарат ата-аналар үшін egov.kz порталы мен kids.enpf.kz сайтында қолжетімді. Ал 18 жасқа толған азаматтар өз деректерін электрондық үкімет пен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры сервистері арқылы дербес қарай алады.



