
Бүгін Абай облысының әкімі Берік Уәли Халықаралық жастар күніне орай «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын салтанатты түрде табыстады. Маңызды шараға грант иегерлері, жастар ұйымдарының өкілдері және өңірдің белсенді жастары қатысты.
Биыл Абай облысында бұл грант жеті бағыт бойынша тағайындалды. Құжаттарды қабылдау науқаны 19 маусым мен 18 шілде аралығында өтіп, комиссияға барлығы 74 өтінім келіп түсті. Ерекше атап өтерлігі, биылғы байқауға алғаш рет «Экология» және «Ғылым» бағыттары қосылды.
Аймақ басшысы өз құттықтау сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2026 жыл Біріккен Ұлттар ұйымының шешімімен Халықаралық еріктілер жылы және Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғанын атап өтті.
«Президент өз сөзінде әрдайым айтатын қуатты, озық, таза және қауіпсіз Қазақстанды құру жолында жастар ерекше рөл атқарады. Бүгін сіздерге табысталатын грант – білім-қабілеттеріңізге мемлекеттің көрсеткен сенімі. Ұсынған жобаларыңыз қоғамға пайдалы, жастардың өз ортасында тартымды болады деп сенемін. Жастарды қолдау – өңірдің болашағына, адами капиталға жасалған инвестиция», – деді Берік Уәли.
Байқау қорытындысы бойынша әр бағыт бойынша 1 миллион теңгенің грантын иеленген жеңімпаздар анықталды:
-
«Ғылым» бағыты: Шәкәрім университетінің «Техникалық физика» мамандығының 2 курс докторанты Айым Леонидова
-
«Ауыл шаруашылығы» бағыты: «Abai Media Group» ЖШС менеджері Әбет Аяжан
-
«Ақпараттық технологиялар» бағыты: «Mango Development» ұйымының жетекшісі Владислав Набока
-
«Бизнес» бағыты: «KMF Банк» АҚ менеджері Анар Меңдібаева
-
«Креативті индустрия» бағыты: Рымбек Байсейітов атындағы қаржы-экономикалық жоғары колледжі директорының орынбасары Асхат Мұханов
-
«Экология» бағыты: Аталған колледждің студенті Әмина Бауыржан
-
«Волонтерлік» бағыты: Педагог, логопед, сенсорлық интеграция және емдік дене шынықтыру маманы Жансая Ғабитова
Бүгінгі таңда Абай облысында 150 мыңға жуық жас тұрады. Өңірде жастардың білім алуына, тәжірибе жинақтауына, кәсіп бастауына және өз жобаларын жүзеге асыруына бағытталған бірқатар қолдау тетіктері жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, облыс әкімдігінің гранттары, «Жастар практикасы», «Бастау Бизнес» жобалары жұмыс істейді. Жоғары оқу орындарына түсу үшін облыстың 200 түлегіне былтыр да, биыл да облыс әкімінің гранты бөлінді.
Жас түлектерді мемлекеттік қызметке тарту үшін президенттік және өңірлік резервтер жұмыс істейді. GPA көрсеткіші 3.33-тен жоғары түлектер аудан және ауыл деңгейіндегі мемлекеттік қызметке конкурссыз тағайындала алады. Сонымен қатар әскери қызметті облыста өтеу, маусымдық жұмыспен қамтитын «Жасыл ел» бағдарламасы және жұмыс істейтін 30 жас азаматқа табысталған «Абай жастары» жеңілдетілген ипотекасы бар.
Инфрақұрылымды дамыту бағытында былтыр желтоқсанда Семей қаласында заманауи Оқушылар сарайы пайдалануға берілсе, биыл Курчатов қаласында аумағы 900 шаршы метр болатын жаңа Жастар ресурстық орталығы ашылды. Алдағы уақытта «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Семей қаласында жастарға арналған «Болашақ сарайын» салуды жоспарлап отыр.



