
Қыс түссе жылу мәселесі алдыңғы қатарға шығатыны жасырын емес. Осы орайда Абай облысы биылғы аязды маусымға әзірлікті ерте бастан қолға алып, нақты нәтижеге басымдық беріп отыр. Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысы мен жаңа оқу жылына мектептердің әзірлігі жан-жақты сарапқа салынды. Жиынға аудан және қала әкімдері, облыстық басқарма басшылары мен өңірлік департамент жетекшілері қатысып, атқарылған жұмыс пен алдағы міндеттерді талқылады.
Күн тәртібіндегі басты мәселелер бойынша Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Раджан Сейітқанов, «Теплокоммунэнерго» ММК директоры Саят Әкімжанов және Білім басқармасының басшысы Айжан Құрманова баяндама жасады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда облыстың жылыту маусымына жалпы дайындығы 73 пайызды құрап отыр. Бұл — өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21 пайызға жоғары көрсеткіш.

Биыл өңірдің жылу инфрақұрылымын жаңғыртуға 14,5 миллиард теңге бағытталған. Қазіргі уақытта 17 жылу көзінде күрделі жөндеу, 32 нысанда ағымдағы жөндеу жүргізіліп, 38 шақырымнан астам жылу желісі жаңартылуда. Жұмыстардың басым бөлігі Семей қаласында жүзеге асырылып жатыр. Қалада жалпы құны 14,2 миллиард теңге болатын 32 жоба іске асырылуда. Облыс орталығында күрделі жөндеу жоспарланған 13 жылу көзінің 8-інде жұмыс аяқталса, ағымдағы жөндеу жоспарланған барлық нысандарда міндеттер толық орындалды.
Жылу жүйесін жаңғыртуға 5,877 миллиард теңге бөлінген «Теплокоммунэнерго» кәсіпорны да дайындықты қарқынды жүргізіп жатыр. Мұнда 21 жылу көзінің 12-сіндегі 19 қазандыққа күрделі жөндеу жасалуда. Қазіргі таңда 21 жылу көзінің 16-сы толық дайын. Жоспарланған 38 шақырым жылу желісінің 22,4 шақырымы аяқталды. Жөндеу жұмыстары толық аяқталғанда желілердің тозу деңгейі 58,2 пайыздан 54,1 пайызға дейін төмендейді. Сонымен бірге, Семейде 11,8 шақырым жылу желісі мен 2 жылу көзін жаңғыртатын қосымша 9 жоба іске асырылуда. Қысқы маусымға қажетті көмір қорын қалыптастыру үшін «Қаражыра» АҚ-мен шарт жасалып, 20 тамыздан бастап 1,2 миллион тонна көмірді жеткізу жоспарланған.

Жиын барысында аймақ басшысы Берік Уәли атқарылып жатқан жұмыстарды сараптай келе, жауапты тұлғаларға талапты күшейтуді тапсырды:
«Көріп отырғанымыздай, облыс бойынша белгілі бір жұмыстар атқарылып жатыр. Алайда бізді жалпы пайыздық көрсеткіш емес, әрбір нысанның жылыту маусымына толық дайын болуы алаңдатуы тиіс. Бірқатар қалалар мен аудандарда дайындық деңгейі әлі де төмен. Аягөз, Үржар, Бородулиха аудандары жұмысты күшейту қажет. Семей қаласындағы ірі жобалардың белгіленген мерзімде сапалы аяқталуы қатаң бақылауда болуы тиіс. Әлеуметтік нысандар бойынша да осындай талап қойылады. Мектеп, аурухана және барлық әлеуметтік нысандар жылыту маусымына толық дайын болуы керек. Көмір мәселесі де ерекше бақылауымызда болады», — деп атап өтті.
Облыс әкімі қала мен аудан басшыларына жылыту маусымының тұрақты өтуін жеке бақылауға алып, анықталған кемшіліктерді дер кезінде жоюды жүктеді. Атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен бекітілген жоспарлар Абай облысының биылғы қысқа жүйелі түрде дайындалып жатқанын көрсетеді.



