Аймақ тынысы

Өңірде жол жөндеу жүріп жатыр

Абай облысында биыл жол және көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Жөндеу жұмыстары облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды, елді мекен көшелерін, республикалық маңызы бар автожолдар мен көлік инфрақұрылымы нысандарын қамтиды.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, Ұлттық жол активтері сапасы орталығы және Семей қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өкілдері мәлімдеді.

Абай облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мерей Байырханның айтуынша, 2026 жылы өңірде облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды дамыту бойынша 39 жоба жүзеге асырылуда. Оның 34-і орташа жөндеуді, 5-еуі инженерлік инфрақұрылымды қайта жаңғыртуды көздейді.

Биыл облыстық маңызы бар жолдардың 3 учаскесінде жалпы ұзындығы 41 шақырым болатын орташа жөндеу жүргізілуде. Аудандық маңызы бар 10 жол учаскесінде 101,4 шақырым жол жөнделуде. Сонымен қатар 20 елді мекендегі 80 көшеде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың жалпы ұзындығы 80,2 шақырымды құрайды.

Жолдарды қысқы кезеңге дайындау жұмыстары да жоспарға енгізілген. Қыс басталғанға дейін қар тоқтататын жабдықтар қалпына келтіріліп, орнатылады. Көктайғаққа қарсы қолданылатын инертті материалдар да дайындалады. Негізгі мақсат – жоспарланған жобаларды белгіленген мерзімде аяқтап, техникалық және нормативтік талаптарға сәйкес келетін облыстық жолдардың үлесін 89%-дан 90%-ға жеткізу.

Семей қаласында автомобиль көпірінің құрылысы жалғасуда. Қазіргі таңда жұмыс 85%-ға орындалған, көпірдің жоғарғы металл аралық құрылысы толық орнатылды. Сонымен қатар көпірге апаратын Шәкәрім және Тәңірбергенов көшелерінің учаскелерінде жөндеу жүргізілуде. Көпірдегі жұмыстарды қазан айында аяқтап, жыл соңына дейін көлік қозғалысын қамтамасыз ету жоспарланған.

Республикалық маңызы бар жолдарда 4 бағыт бойынша 8 нысанда жұмыстар жүргізілуде. «Өскемен – Семей» автожолының 147–198 шақырым аралығындағы учаскесі пайдалануға берілді. Ал 103–105 және 127–147 шақырым учаскелерінде жұмыстар жалғасып жатыр. Оларды қараша айында аяқтау жоспарланған.

«Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Бұғаз» бағыты бойынша 2023 жылдан бері 92 шақырым жол жөнделді. Биыл жалпы ұзындығы 66 шақырым болатын 3 нысанды аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар 2026–2027 жылдары тағы 52 шақырым жолды жөндеу көзделген. Ауыр жүк көліктерін автоматты өлшейтін 2 пункт орнату да жоспарланып отыр.

«Семей – РФ шекарасы» автожолындағы жалпы ұзындығы 66,8 шақырым болатын 3 нысанда жөндеу жүргізілуде. Асфальт-бетон жабындысын төсеу жұмыстары 95%-ға орындалған. Жұмыстарды қазан-қараша айларында аяқтау жоспарланған.

«Омбы – Майқапшағай» ақылы автожолының Семей мен Қалбатау арасындағы бөлігінде де жөндеу жүргізілуде. Биыл бұл учаскеде 20 шақырым жолды орташа жөндеу жоспарланған.

Жолдардың сапасын Ұлттық жол активтері сапасы орталығының филиалы бақылауда ұстайды. Жыл басынан бері мамандар жол және көше инфрақұрылымының 47 нысанына 442 рет барып, бақылау жүргізген. Оның ішінде республикалық маңызы бар 9, облыстық маңызы бар 3, аудандық маңызы бар 9 нысан және көше-жол желісінің 26 жобасы бар.

Көлік қатынасын жақсарту бағытында да жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылы Семей мен облыс аудандары арасында 5 тұрақты әлеуметтік маңызы бар автобус бағыты іске қосылған. Биыл Көкпекті, Қайнар, Шүлбі және Бесқарағай бағыттары бойынша тағы 4 бағыт қосылды. Осылайша облыстың барлық аудандары облыс орталығымен тұрақты автобус қатынасына ие болды.

Жыл басынан бері 9 әлеуметтік маңызы бар бағыт бойынша 13 мыңға жуық жолаушы тасымалданған.

Әуе қатынасында Семей және Үржар әуежайлары жұмыс істейді. Жыл басынан бері оларды 215 мыңға жуық жолаушы пайдаланған.

Үржар әуежайында қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Жолаушылар терминалы жаңартылып, диспетчерлік мұнара мен авариялық-құтқару станциясы салынуда. Арнайы техникаға арналған нысандар мен инженерлік инфрақұрылым да қайта жаңғыртылуда. Жобаны 2027 жылы аяқтау жоспарланған.

Теміржол вокзалдарын жаңарту жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Абай облысында 10 нысан қайта жаңғыртылуда, оның 7-еуінде жұмыс толық аяқталған. Семей, Аягөз және Ақтоғай вокзалдарындағы жұмыстарды 2026 жылдың IV тоқсанында аяқтау жоспарланған.

Семей қаласының жол желісінің ұзындығы 750 шақырымнан асады. 2025 жылдың соңындағы жағдай бойынша қала көшелерінің шамамен 50%-ы асфальтталған. Соңғы жылдары Абай, Жангелдин, Мичурин және Сеченов көшелерінде жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Қалада жол қозғалысының қауіпсіздігіне де көңіл бөлінуде. Қаржаубайұлы және Бозтаев көшелеріне жаңа бағдаршамдар орнатылуда. Алдағы уақытта бағдаршамдарды басқарудың автоматтандырылған жүйесіне көшу жоспарланып отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button