Берік Уәли Абай облысы жылыту маусымына толық дайын екенін айтты

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралды. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ халықты жылумен үздіксіз қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруға баса назар аударылды.
Абай облысында жалпы құны 14,5 млрд теңге болатын 32 жөндеу жобасы, сондай-ақ энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында 15,8 млрд теңгеге 6 жоба жүзеге асырылды. Абай облысының әкімі Берік Уәли өңірде ұзындығы 53,7 шақырым болатын жылу желілерін ауыстыру жұмыстары жалғасып жатқанын, бұл олардың тозу деңгейін 52,3%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік беретінін баяндады. Қазандық жабдықтарын жөндеу жұмыстары 95%-ға аяқталды. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала нысандары мен тұрғын үй қоры жылыту маусымына толық дайын. Барлық жұмысты қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.



