Қасиетті Қоңыр әулие үңгірі

Абай өңіріндегі табиғи әрі рухани нысандардың бірі – Қоңыр әулие үңгірі. Ол Семей қаласынан шамамен 100 шақырымдай жерде орналасқан және ежелден халық арасында қасиетті орын ретінде танылған. Үңгірге жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден келетін зияратшылар мен туристердің қарасы үзілмейді.
Қоңыр әулие – Қазақстан аумағындағы ең ірі табиғи үңгірлердің бірі. Үңгірдің ұзындығы шамамен 30 метрге, ал биіктігі 5 метрге дейін жетеді. Ішіндегі суының температурасы жыл бойы тұрақты, шамамен +4 °C деңгейінде сақталады. Халық арасында бұл судың шипалы қасиеті бар деген сенім қалыптасқан. Сол себепті келушілер үңгір суын ішіп, ниет тілеп, рухани тыныштық табуға ұмтылады.
Тарихи деректерге сүйенсек, Қоңыр әулие үңгіріне кезінде елге белгілі тұлғалар мен ойшылдар да келген. Абай Құнанбайұлының әкесі Құнанбай қажы, Шәкәрім Құдайбердіұлы және басқа да тарихи тұлғалардың бұл мекенге зиярат еткені жөнінде аңыз-әңгімелер қалған. Бұл деректер үңгірдің рухани маңызын одан әрі арттыра түседі.
Бүгінде Қоңыр әулие үңгірі туристер үшін қолжетімді етіп абаттандырылған. Келушілердің қауіпсіздігі үшін арнайы баспалдақтар мен жарықтандыру жүйесі орнатылған. Дегенмен нысанның табиғи келбеті мен ерекше атмосферасы сақталған.
Қоңыр әулие үңгірі – табиғат пен тарих, сенім мен руханият тоғысқан мекен. Ол Абай өңірінің туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, ұлттық құндылықтар мен киелі орындарды дәріптеуде айрықша рөл атқарады.
Меруерт Дәуренқызы



