Абай облысындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің жай-күйі талқыланды

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштердің қазіргі жағдайы және оларды қорғау шаралары қаралды. Бұл туралы мәдениет, тілдерді дамыту және архив істері басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан баяндады.
Бүгінде облыстың мемлекеттік тізіміне 417 тарихи-мәдени ескерткіш енгізілген. Оның 404-і жергілікті маңызға ие болса, 13 нысан республикалық деңгейде қорғалады. Ескерткіштер сәулет, қала құрылысы, археология, монументалды өнер және сакралды мұра санаттарын қамтиды.
2025 жылы тарихи мұраны қорғау бағытында облыстық комиссияның алты отырысы өткізіліп, бірқатар нысанды алдын ала есепке алу, мемлекеттік тізімге енгізу және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүргізу жөнінде шешімдер қабылданды.
Өңірде маңызды реставрациялық жобалар жүзеге асуда. Семей қаласындағы бұрынғы көпес Мусин диірмені қайта жаңғыртылып, қонақ үй кешені ретінде пайдалануға берілді. Сондай-ақ №1 мектеп, Губернатор үйі, қос мұнаралы мешіт, көпес Сахно үйі және Ф.Достоевский музейінде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Кей нысандарда жаңғырту жалғасуда.
Археологиялық зерттеулер де жүйелі түрде қолға алынған. Ақсуат ауданындағы Елеке Сазы алқабында жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде ерте темір дәуіріне тән құнды артефакттар табылып, музей қорына тапсырылды.
Жиында облыс әкімі тарихи жәдігерлердің көшірмелерін музейлерге орналастыру, археологиялық зерттеулерді жалғастыру және тұрғындар арасында тарихи мұраны қорғау бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Аймақ басшысы тарихи-мәдени ескерткіштердің ұлт руханияты мен өңірдің туристік әлеуетін арттырудағы маңызын атап өтті. Олардың сақталуын тұрақты бақылау және ғылыми негізде қалпына келтіру ортақ міндет екенін жеткізді.
Дереккөз:Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі



