Бесқарағайда жаңа Конституция жобасы талқыланды

Жалпыұлттық коалиция өкілдері Бесқарағай ауданында тұрғындармен кездесіп, жаңа Конституция жобасын түсіндірді. Кездесулер барысында құжаттағы негізгі өзгерістер, азаматтардың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктері туралы айтылды.

Алғашқы кездесу аудан белсенділерімен өтті. Жиында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары таныстырылып, тұрғындар өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты, коалиция мүшесі Айнұр Арғынбекова Ата Заң жобасындағы өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, құжатқа «қарқынды дамитын қала» деген жаңа ұғым енгізілген. Бұл экономикалық әлеуеті жоғары қалалардың дамуына қосымша мүмкіндік беруді көздейді.

Коалиция өкілдері №1 Бесқарағай жалпы орта мектебінің мұғалімдерімен де кездесті. Жиында білім беру саласына қатысты мәселелер талқыланды. Педагог мәртебесін нығайту, оқу сапасын арттыру және ауыл мектептерін қолдау жайы сөз болды.

Кездесу Бесқарағай колледжінде де өтті. Онда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту, еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау мәселелері айтылды.
Абай облыстық мәслихатының депутаты, коалиция мүшесі Риза Молдашева білім саласының маңызына тоқталды.
«Білім беру ел болашағының кепілі. Мұғалімдердің ұсыныстарын тыңдап, қолдау көрсету біздің басты міндетіміз», – деді ол.
Кездесу соңында бесқарағайлықтар 15 наурызда өтетін референдумға белсенді қатысуға дайын екендерін айтты.



