Әлеумет

Абай облысындағы балалардың шотына 130,71 доллардан аударылды

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында биыл Қазақстандағы барлық балалардың есепшотына кезекті аударым жүргізіліп, әр балаға 130,71 АҚШ доллары есептелді. Бұл төлем Абай облысында тұратын балаларға да автоматты түрде аударылды.

Ресми мәліметке сәйкес, 2025 жылы ел бойынша 356 613 жас кәмелет жасқа толады. Оларға жалпы көлемі шамамен 44,5 млн доллар аудару жоспарланған.

Бағдарлама іске қосылған 2024 жылдан бастап 2026 жылға дейінгі кезеңдегі инвестициялық кірісті қоса есептегенде, әр бала шотында жинақталатын жалпы сома 370,56 долларды құрайды.

Жоба аясында жиналған қаражат тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім алуға жұмсалады. Қазіргі уақытта 127 446 мақұлданған өтінім бойынша 19,7 млн доллар тұрғын үйге бағытталған. Ал 78 060 өтінім арқылы 11,9 млн доллар білім алу қажеттіліктеріне пайдаланылған.

Ата-аналар немесе заңды өкілдер баланың шотындағы қаржыны kids.enpf.kz сайты арқылы ЖСН енгізу арқылы, eGov.kz порталындағы жеке кабинеттен, сондай-ақ Halyk, Kaspi.kz және Bcc.kz мобильді қосымшалары арқылы тексере алады.

Бала 18 жасқа толғанда жинақталған қаржы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы арнайы шотқа аударылады. Оны тек қаражат иесінің өзі электрондық цифрлық қолтаңба арқылы пайдалана алады.

Тұрғын үй немесе оқу ақысын төлеу үшін қаражат иесі уәкілетті операторлар арқылы өтінім береді. Қазіргі таңда оператор ретінде «Отбасы банк» пен Halyk Bank жұмыс істейді, ал 2025 жылдың ортасынан бастап бұл қатарға «Банк ЦентрКредит» те қосылады.

Бағдарлама жастардың болашақта білім алып, баспаналы болуына қолдау көрсетуге бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button