Абай жастары

Жеті өнерді серік еткен жас талант

Қазіргі жастар арасында шығармашылықты өмір салтына айналдырып, бірнеше өнерді қатар алып жүрген талантты жандар аз емес. Солардың бірі – ақындық, прозалық шығармашылық пен театр өнерін ұштастырып жүрген Тұрарбек Мерей Қайратбекұлы.

Оның ақындыққа қадамы мектеп қабырғасында, 10–11 сыныпта басталды. Алғашқы өлеңдері сол кезеңде жазылып, қазақ тілі мен әдебиетіне деген қызығушылық кітапқа жақындатып, поэзия мен прозадан қатар шабыт алуға жол ашты. Бұл ізденіс кейін тұрақты шығармашылыққа ұласып, өлең мен прозаны қатар жазуға алып келді.

Мектепте оқып жүрген кезінде өлеңдері мәдениет порталында жарияланып, студенттік жылдары қалалық жас ақындар мүшәйраларында жүлделі орындарға ие болды. Бірінші курста «Тәуелсіздікке тағзым», «Ұшқын» секілді мүшәйраларда топ жарып, екінші курста әдеби порталдарда «Морфидтер түнде не істейді?» және «Қан дәмінен соң» атты прозалық шығармалары жарық көрді. Бүгінде де қалалық, облыстық, республикалық жас ақындар мүшәйраларынан жүлделі орын алып келеді.

Өнер жолындағы тағы бір маңызды белес – театр. Ол алғаш «Қарагөз» студенттік театрында сахнаға шығып, Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясында Нарша образын сомдады. Алматы мен Астана қалаларында өткен республикалық студенттік театрлар фестивалінде бір ай ішінде екі мәрте чемпион атанды. Сонымен қатар «Тағдырымның есімі» спектаклінде басты рөлдердің бірі – Генри образын орындады. Қазір Мерей Қайратбекұлы Абай театрында актер болып қызмет етеді.

Жас өнерпаз шығармашылықты музыкамен де жалғастырып келеді. Семей жастарына арналған «Семейдің көшелері» әні әлеуметтік желілерде кең тарады.

«Біз екеуміз жүрмесек қол ұстасып,
Несіне тұр Семейдің көшелері?»

Сонымен қатар TikTok желісінде қазіргі жастар қолданатын сленг сөздерді көркем әдеби нұсқада ұсынып, қазақ тілінің көркемдігін насихаттайтын тренд жүргізіп келеді.

Өнер иесінің өмірлік ұстанымы да айқын. Ол өзін тек ақын ретінде танытуды мақсат етпейді. «Мен өмірге тек жырлау үшін келдім» деген түсініктен гөрі, «жігітке жеті өнер де аз» қағидасын ұстанады. Қолынан келген соң жазады, ал негізгі мақсат – жастық шақты бос, қажетсіз дүниелерге айырбастап алмау.

Оның айтуынша, адам жүрегіндегі құтының қақпағы – әдеп. Егер сол қақпақ кетсе, жүректегі мейірім, ар-ұят пен әділет те бірге төгіледі. Ал сол құндылықтарды ұстап тұратын күш – әдебиет. Себебі «әдебиет» сөзі де түбінде «әдеп» ұғымымен сабақтас. Сондықтан жастар әдебиет пен өнерге жақын болса, жүректің негізгі тазалығын сақтап қалуға мүмкіндік бар деп есептейді.

Жас өнер иесі үшін өмірдің тағы бір маңызды мәні – сүю. Оның ойынша, құс ұшады, балық жүзеді, ал адам сүюі керек. Егер адам сүйе алмаса, ол құстың жүзгеніндей немесе балықтың ұшқанындай қисынсыз ғұмыр кешеді.

Өнер мен әдебиетті қатар алып жүрген осындай жастар – Абай өңірінің жаңа буынының жарқын бейнесі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button