Ұстаз болуды мақсат еткен жас

Әр жастың өмірінде өз бағытын таңдайтын маңызды кезең болады. Бірі туған жерінде қалады. Бірі білім іздеп басқа қалаға кетеді. Болашақ ұстаз Ислам Анварбеков та өз жолын ерте таңдаған жастардың бірі.

Ислам 2006 жылы Аягөз қаласында дүниеге келген. Ол Үштөбе қаласының І.Есенберлин атындағы мектепте он жыл оқыды. Сабаққа бала күнінен қызығушылығы жоғары болған. Жастайынан іс-шараларда жүргізуші болып, ән айтып, мектеп өміріне белсенді қатысқан. Бұл кезең оған жан достар мен ұмытылмас естелік сыйлағанын айтады.

11-сыныпта ол өміріндегі маңызды шешімдердің бірін қабылдап, ұстаз болуды жолға қойған. 2023 жылдың тамыз айында Ислам студент атанып, Семей қаласына келді. Көпшілік оның неге Алматыға емес, Семейге түскенін сұраған. Ол бұл таңдауды қаланың тыныштығы, мәдениеті және тіл тазалығымен байланыстырады.

Шәкәрім университетінде білім алып жүрген ол бірінші курстан бастап дебатқа қатысып, түрлі алаңдарда жетістікке жетті. Қазір Конгресс дебат клубының координаторы.

Сонымен қатар Ислам үшін маңызды орталардың бірі – «Мұғалім Семей» жобасы. Оның айтуынша, бұл ортада болашақ ұстаздар тәжірибе жинап, өздерін дамытады. Ол жобада тіл үйреніп, түрлі семинарлар мен тренингтерге қатысып, жеке тұлға ретінде өскенін айтады. Бүгінде жобаның академиялық және әлеуметтік дамуына жауапты координаторлардың бірі.
«Жастар жауапкершіліктен қорықпауы керек. Адамды өзіне артылған сенім мен міндет алға жетелейді», – дейді Ислам.
Бүгін белсенді студент болған Ислам ертең шәкірт тәрбиелейтін ұстаз болуды мақсат етеді.



