Аграрлық салаға жаңа көзқарас ұсынған студент

Аманбекова Нұрай Талантқызы білімді де белсенді жастардың бірі. Жасы 18-де. Ол бухгалтерлік есеп және қаржы мамандығының 2-курс студенті. Университетте дебат клубына қатысып, ғылыми үйірмелерде ізденіп, шығармашылықпен де айналысады. Одан бөлек жас ақын ретінде «Алаш атын аспанға шығаратын жастармыз» атты өлеңдер жинағын жазған.

Нұрайдың студенттік жолы жетістіктерге толы. Ол халықаралық студенттік жобалар байқауында мал шаруашылығына арналған инновациялық жобамен жүлделі орынға ие болды. Кейін стартап-жобалар байқауында жеңімпаздар қатарынан көрінді. Өскемен қаласында өткен халықаралық туризм олимпиадасында Абай облысының мәдени-креативті туризмін дамытуға арналған жобамен бірінші орын алды. Ал Астанада ұйымдастырылған республикалық агрохакатонда үшінші орын иеленіп, қомақты жүлде қорын жеңіп алды.

Жас зерттеуші қатысқан негізгі жоба мал шаруашылығында дәстүрлі емес жем түрін қолдану. Шегіртке дернәсілдерінен алынатын ақуыз ұнын мал азығына балама өнім ретінде ұсынуды көздеген. Бұл тәсіл жем бағасын төмендетіп, экологияға зиянды қалдықтарды азайтуға және аграрлық саланың тұрақты дамуына мүмкіндік береді. Жобаға патент алынған, қазір оны өндірісте іске асыруға қолдау қарастырылуда.

Нұрайдың айтуынша, бүгінгі жастар үшін ең бастысы ізденіс пен табандылық. Оның жетістігі ауыл шаруашылығына жаңа көзқараспен қараудың және білім мен идеяны ұштастыра білудің нақты көрінісі.



