Қазақстан жасөспірімдері әлем чемпионы атанды

Қазақстанның әйелдер құрамасы конькимен жүгіруден жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Дүбірлі дода Германияның Инцелль қаласында өтті.
Отандастарымыз командалық спринт сайысында үздік нәтиже көрсетіп, 1:28.77 уақытпен мәреге бірінші болып жетті. Осылайша Қазақстан құрамасы әлем чемпионы атанды.
Ел намысын бұл жарыста Кристина Шумекова, Анастасия Беловодова және Варвара Глухова қорғады. Олар жоғары деңгейдегі үйлесімділік пен жылдамдықтың арқасында қарсыластарынан озып шықты.
Күміс жүлде Польша құрамасына бұйырды — 1:28.94. Ал Канада спортшылары 1:29.25 нәтижесімен қола медаль иеленді.
Айта кетейік, Кристина Шумекова бұл чемпионатта бірнеше мәрте топ жарып үлгерді. Ол 500, 1000 және 1500 метр қашықтықтарында алтын медаль жеңіп алып, 3000 метрде күміс жүлдеге қол жеткізді. Сонымен қатар, кіші көпсайыс қорытындысы бойынша да чемпион атанды.
Бұл жеңіс – қазақстандық жас спортшылардың халықаралық деңгейдегі әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.



