Спорт
Үш алтын: Абай балуандары ел біріншілігінде жеңді

9–10 наурыз күндері Тараз қаласында 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер (U15) арасында грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Ел біріншілігіне Қазақстанның барлық өңірінен 20 команда қатысты.

Байрақты бәсекеде Абай облысының құрамасы жоғары нәтиже көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша өңірдің үш спортшысы өз салмақ дәрежесінде Қазақстан чемпионы атанып, алтын медаль жеңіп алды.

Атап айтқанда, Нұралы Амангелді 44 келі салмақта, Ералы Мұратов 85 келіде, ал Талғат Нұрмұхаммед 85 келіден жоғары салмақта қарсыластарынан басым түсті.

Жас балуандардың табысты өнер көрсетуінің нәтижесінде Абай облысының командасы жалпыкомандалық есепте үздік үштікке енді.



